«Болашақ» түлегі ағылшын тілін үйрететін бағдарлама жасап шығарды

«Болашақ» бағдарламасының түлегі ауыл балаларына ағылшын тілін үйрететін авторлық бағдарлама жасап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тілдік дағдыны дамытатын жобаны әзірлеу үшін ол бірнеше оқу-әдістемелік құралдарын зерттеген.

Сөйткен еңбегі еш кетпепті. Қазір оқушылары аудан бойынша озық тұр.

Бақытгүл Бейсетбаева 13 жылдан бері ұстаздық етеді. Ол өзі жұмыс істейтін Жүрімбек Сыдықов атындағы мектептің 2005 жылғы түлегі. Жоғары білімді Қырғызстанда, ал магистратураны «Болашақ» бағдарламасымен Англияда оқыған білікті маманға кезінде түрлі лауазымды қызмет ұсынылыпты. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі соның бәрінен бас тартып, туған ауылында қалуды жөн санаған. 

Бақытгүл Бейсетбаева, Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің мұғалімі:

- Өзімнің ұстанымым бар. Өзім еліме көмек көрсетсем қай жерде болмасы, ауылды жерде болмасын. осы негізгі ұстанымын себеп. Өз мектебімде жаңғырып, өз мектебімде жұмыс жасап осы балалардың деңгейін көтеріп үлесімді қосқым келеді.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі оқушыларға сабақ беріп қана қоймай, оқу әдістемелік құралдарды зерттеген. Сол арқылы «English ауылда» жобасына қатысып жеңімпаз атанды. Әрі ауыл балаларына шет тілін үйретудің авторлық бағдарламасын жасап шығарды.

Бақытгүл Бейсетбаева, Ж.Сыдықов атындағы орта мектеп мұғалімі:

-Біз оқу жылын бастағанда оқушылардан диагностикалық тест аламыз. Басында, ортасында өзінің уақытында тест алып мониторинг жасап отырамыз. Одан кейін мұғалімдерге көмек ретінде әдіс тәсілдермен жұмыс жасаймыз. Қалай оқушыға тиімді сабақ беру керек. Оқушыны бір сабақтан шыққан кезде бір екі сөйлемді біліп шығу керек. Осы жұмыстардың барлығы жасалды. Енді осы жұмыстарды министерствоға ұсынбақшымыз.

Жүрінбек Сыдықов атындағы мектепте балалардың қарым қабілетін ашуға бағытталған тоғыз жоба жүзеге асып жатыр. Соның аясында қосымша факултативті сабақ өтетін «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбы ашылды. Білім ордасында өзге де бастамалар қолға алынған. 

Әділжан Сыздықбаев, Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің директоры:

- Ол «Біз таңдаған тоғыз қадам» деп аталады. Осы жоба ішінде «English ауылда» жобасы бойынша ұтып алған Бақытгүл Төлегенқызының жұмысы осы бағдарламаның ішіндегі стратегиялық бағыт болған. Сол тоғыз қадаммен жұмыс істеп, «Дарынды балалар», «Талантты ұстазға дарынды оқушы» секілді әрбір бағыт бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Мектепте ағылшын тілінен сегіз мұғалім сабақ береді. Олардың шәкірттері былтырғы ҰБТ аудан бойынша ең жақсы көрсеткішке қол жеткізді. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев