«Хабар 24» арнасының түсіру тобына қоқан-лоққы көрсету бойынша сот жалғасты

Петропавлда арнамыздың түсіру тобына қоқан-лоққы көрсеткен күзетшілердің ісіне қатысты сот жалғасып жатыр.

Өткен отырыста айыпталушының адвокаты істі прокурорға қайтаруды ұсынған еді. Оның пікірінше айыптау актісінде заң бұзушылық көп. Тіпті артынша істі қарап жатқан судьяны ауыстыруға да өтініш берді. Мән-жайды зерделеген сот алқасы оның талап-арыздарын қанағаттандырмады. Естеріңізге сала кетейік, былтыр тамыз айында арнамыздың Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшілері «Ашық» жобасы жайында репортаж жасамақ болып, қаладағы ең ірі сауда орталықтарының біріне барған еді. Алайда күзетші журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасады. Кейін іс қозғалды. Бұл дерекке қатысты аталған сауда ойын сауық орталығы, қауіпсіздік қызметінің басшысы айыпталды.

Алмас Жұмагазин, Петропавл қалалық сотының судьясы:

- Айыпталушының адвокаты өзінің өтінішхатында бұл істен судьяны шеттетуді сұраған еді. Алайда оған еш негіз жоқ. Сондықтан оның талап арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулы шығарылды. Ал бұл шешім қайта шағымдануға жатпайды.