Жезқазған газдың игілігін көре бастады

Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанда 2026 жылға дейін 5 мыңнан астам жеке тұрғын үй орталық газ желісіне қосылады.

Өңірді газдандыру бағдарламасы арқылы былтыр Талап ауылына көгілдір отын жеткен еді. Енді Бөгенбай шағын ауданының тұрғындары да табиғи газдың игілігін көре бастады. 

Алты ай қысқа 15-20 тонна көмір сатып алып, от жағып, күл шығару Асқар Нәлібаев үшін артта қалды. Апта бұрын үйі орталық газ желісіне қосылған тұрғын бұл күнді ұзақ күттік дейді. 

Асқар Нәлібаев, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Керек температураны қоямыз ғой. 60-қа апарып қоямыз. Жылы үйіміз. Жақсы. Күттік осы газды. Келді міне. От жағудан құтылдық, құдай қаласа.

Өңірді газдандыру бағдарламасының бірінші кезеңі бойынша Талап ауылы мен Бөгенбай, Қабанбай шағын аудандарындағы 1500 үйдің ауласына дейін газ құбыры тартылған. Әрі қарай үйге кіргізіп алу, меншік иесінің міндеті. Бұл жұмыстарға екі мердігер компания тартылған. Ал газдандыру жұмыстарының екінші кезеңі жақында аяқталады.

Нұрбол Садықов  қалалық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жезқазған қаласында екінші кезең, яғни Бекболатсай, Қостанкелді елді мекендерінде газ тарату құбырлары жұмыстары аяқталып қалды. Қазіргі таңда 43,4 шақырым газ тарату жүйелері орналастырылды. Қазір көріп тұрғандарыңыздай 91-орамда газ тарату құбырларын жүргізу жалғасып жатыр. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 46,2 шақырымды құрайды.

Бұл шағын аудандардағы газ құбыры тексерістен өткен соң алдағы көктемде пайдалануға берілетін болады. Осылайша алдағы 5 жылда тек Жезқазған қаласы бойынша 5 мыңнан астам үйдің тұрғындары көгілдір отынның шарапатын көретін болады. 

Ырысбике Садықова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Былтыр су келіп осылай жақсы болып қалып еді, судың трубасын айырбастап, суымыз тазарып. Енді биыл газ келіп, газды жігіттер орнатып жатыр. Келешекте, 23-жылы газ қосылады деп жатыр. Халық боп, көршілеріміз боп осы газдың келгеніне қуанып жатырмыз.

Өңірді газдандыру жұмыстары жақында мақұлданған Ұлытау облысын дамытудың кешенді жоспарына да енгізілген. Оған сәйкес Сәтбаев, Қаражал қалалары және Жәйрем кенті мен Жаңаарқа ауданы тұрғындары да кезең-кезеңімен 2026 жылға дейін газбен қамтылатын болады. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев