Сәнқойлар алматылық бас киім шеберіне арнайы тапсырыс береді

Қыста тымақ, жазда қалпақтың сәндісін кигіңіз келе ме?

Қыс келіп қалды. Ойланыңыз.

Алматылық Всеволод Демидов киіз, тері болмаса матаның кез келген түрінен бас киімнің неше атасын тігеді. Шеберді ел де жақсы танып алған. Ал кәсіби сәнқойлар арнайы іздеп келіп, тапсырыс береді.    

Әдемі береттер, картуздар мен қалпақтарды Всеволод Демидов 30 жылдан бері жасап келеді. Мүсінші әрі дизайнер кез келген материалды өнер туындысына айналдырып жібереді. Мата, аң терісі, қауырсын, ойыншықтар, темір бұйымдар секілді көптеген затты кәдеге жаратады. Шебердің қолынан шыққан соң ол заттар әрбір қалпақтың сәнін аша түседі.    

Всеволод Демидов, суретші-дизайнер:

- «Мен саған ақ қалпақ сыйлаймын» деген ән бар. Ескі ән. Бір күні сол ақ қалпақты жасайыншы деп шештім. Шеберханада досым берген сиырдың мүйізі жататын. Сол осы қалпақпен әдемі үйлесім тапты. Бұл бас киім сауықтыру қызметінде атқарады. Ол кәдімгідей биік. Оны киіп жүрсеңіз денеңізді тік ұстауды үйренесіз.    

Суретшінің клиенттері негізінен қыз-келіншектер. Солардың бірі Лидия Вайн. Ол көп жылдан бері тапсырыс беріп тұрады. Осы күнге дейін тұтас коллекция жинапты. 50 қалпақтың әрқайсысы әртүрлі, бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Көздің жауын алатын бас киімдерге көрген адам қызыға қарайды.    

Лидия Вайн, қала тұрғыны:

- Үлкен сауда үйіне киіп бардым. Көргендер тамсанып, жымия қарайды. Әдемі қалпақ айналаңдағы адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлайды. Бірде кешкі уақытта серуендеп жүрсем танымайтын ер адам: «Ханшайым» деп ілтипат көрсетті. Әлі есімнен кетпейді. Өзім де бір марқайып қалдым.

Осы уақытқа дейін қанша бас киім жасалғаны белгісіз.

Всеволод: «Ешқашан санаған емеспін», -дейді. Ол өзінің туындыларын алматылық сәнқойлар жиналатын әртүрлі өнер көрмелеріне шығарып тұрады. Ол жерде қолмен ұстап, өлшеп көріп, ұнаса сатып алуға болады. Кейбірін тіпті сыйлап та жібереді.

Гүлжан Көленқызы, Ғафу Уәли, Эдуард Кон