Скрининг қауіпті аурудың алдын алады

Алайда уақытылы тексеруге келмей дертін асқындырып алатындар көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлер осылай деп дабыл қағып отыр. Мамандар ерте диагностыканың арқасында қатерлі ісіктің алдын алып, құлан таза айығуға болатындығын айтады. Елімізде скринингтік бағдарламалар қалай жүргізіледі? 

Қазір ауырып ем іздегендер көп. Онда да кейбірі қатерлі дертпен арпалысып әлек. «Алайда адамдар ауырмаудың жолын іздесе дертке шипа табар еді», – дейді дәрігерлер. Себебі күн сайын емес, екі-үш жылда бір өтетін скринингтен ат тонын ала қашатындар көп. Жасырын дендейтін обыр сынды аурулар тек осы скрининг арқылы ғана анықталады.

Алма Жылқайдарова, Қазақ онкология және радиология ғзи бөлім басшысы:

- Скрининг қатерлі ісікті ерте сатысында анықтай алады және бұл өмір сапасын жақсартуға, емделуге мүмкіндік береді. 30-дан 70 жасқа дейінгі 1600 әйелге жыл сайын жатыр мойыны қатерлі ісігі диагнозы қойылады. Мысалы, елімізде осы жастағы 6 млн әйел бар десек, соның 4 млн скринингтен өтпейді. Сонымен қатар біз пилоттық режимде өкпе рагының алдын алу үшін скрининке енгізгіміз келеді. Себебі бұл дерттен еліміз бойынша жыл сайын шамамен 3 мың адам көз жұмады.

Мысалы, бас шаһардағы бір ғана емханада соңғы 10 айда 10 мыңнан астам адам скринингтен өткен. Оның ішінде 320-дан астам әйелде потологиялық өзгерістер анықталған. Ал 17 әйел онкологиялық диспансерге жіберілсе, ондағы арнайы тексерістен оның екеуінен алғашқы сатыдағы обыр дерті анықталған.

Гүлнәз Қалиекова, №8 Емхананың профилактика бөлімінің меңгерушісі:

- Скринингке шақырады. Бірақ адамдар келмейді. Біреулер жұмыс істейді. Скринингті өзіңіздің тіркелген емханаңызда тегін өте аласыз. Учаскелік медбике шақырады. Әр емханада скрининг кабинеті бар. Сол жерде тесттен бастап, дене салмағының индексінен бастап, холестерин, қан қысымын қарап, негіздеме болса дәрігерге жібереді. Ал сүт безі обрына арналған скрининг болса бастапқы маммографиядан өтеді.