ШҚО облысында орманды қалыпқа келтіру жұмыстары күшейтілмек

Шығыс Қазақстан облысында орманды қалпына келтіру шараларына ерекше көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені қыркүйектегі алапат өрт талай жасыл желекті күлге айналдырды. Орман шаруашылығына 2 млрд теңгеден астам шығын келді. Енді соның орнын толтыру үшін тұқымбақтардағы жұмыс күшейтілді. Көшет егумен айналысатын мекемелер тілсіз жаудан зардап шеккен алқаптарға қанша желек керек болса, сонша қамтамасыз ете аламыз деп отыр.

Қыркүйекте бірінен соң бірі тұтанған тілсіз жау Шығысқазақстандықтарды әбден қыспаққа алды. Құтқарушылар мен орманшылар Қатонқарағай, Күршім, Алтай, Зайсан, Глубокое аудандарында өртпен алысты. 8 мың гектарға жуық орманды алқап лезде жанып кетті. Енді өрт жалмаған желектердің орнын толтыру керек. Бұл — үлкен міндет.

Бөленқан Қасымбеков, тұқымбақ қызметкері:

-  Өзіміздің қарамағамыздағы жерімізде өрт болған жоқ, көрші аудандарда өрт қатты болды деуге болады. Ол жаққа шамамыз жеткенше көмек жібердік. Осы көшеттерді бөліп өзімізде отырғызып, аулы аймаққа да жібереміз.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Мен қазір міне болашақ орман шаруашылығының ішінде келе жатырмын деуге болады, 124 мың түптен көшет отырғызылған бұнда. Осы жердің арамшөбін жұлып күніне екі мәрте суғарғанның өзінде екі жылда бар болғаны 10-15 см ғана өскен. Ең кішкентайлары шынашақтай ғана.

Мұндағы көшеттер тек облысқа ғана емес, бүкіл елге таратылады. Мәселен, Мұхтар Сағидоллин сонау Астанадан осы жерге арнайы келеді. Елордадағы тұқымбағын Қатаонқарағайдың шыршасымен жаңартады.

Мұхтар Сағидоллин, кәсіпкер:

- Қатонқарағайдың шыршалары біздің солтүстік ауданға бейім, өсуіне жақсы болып келеді. Сол болашақта Астананың орталығындағы көшелерде осылар бой көтереді деген ойдамыз.

Жалпы облыста бүгінде 48 тұқымбақ жұмыс істеп тұр. Бірақ ондағы көшеттер қылтия сала бірден орман ортасына отырғызылмайды. Өртенген орман алқабын оңалтудың жыры тіпті көп. Өйткені оны қалпына келтіргеннен бұрын, алғашқы зерттеу процесіне өте ұзақ уақыт кетеді.

Дәурен Асылханов, облыстық Табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Техника бара алатын жерлерде ағаштар 1-2 жыл кесіледі, одан соң комиссия қарап, қалпына келмеген жерлерді, кесілген ағаштарды түбірінен тазартылып, ол жерге ағаш егу жұмыстары жоспарланады. 2-3 жыл ішінде талдау жасалатын болады.

Соңғы екі жылда өлкеде 1100 гектардан астам көшет отырғызылыпты. Келесі жылы 1,5 мың гектар жерге желек егіледі. Ал өрт шалған алқаптар кезең-кезеңмен көгалдандырылады. Президент тапсырмасымен елімізде 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш отырғызылу керек болса, соның 76 млн түбі Шығыс Қазақстан облысында егілмек.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов