Кентау қаласындағы көпқабатты 10 тұрғын үйге газ жеткізілді

Құрылысы 2020 жылы аяқталған баспана 2021 жылы қолданысқа берілген. Алайда жаңа үйге қоныстанған 600 отбасы бір қысты жылусыз өткізген6 деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Кентау қаласындағы «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған көпқабатты үйлер. Жаңа баспана өткен жылы пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге берілген. Алайда жылу мен газ болмағандықтан тұрғындар қыз бойы газ баллоны мен электр пешін қолданып, амалдапты. Ал бүгін көптен күткен көгілдір отынға қолдары жетіп, баспананың да берекесі кірген.

Болатбек Әбілбеков, қала тұрғыны:

- Газ келді, жылуды қосып берді. Керемет, үй жып-жылы. Енді бұрынғыдай әбіржімейміз. Тамағымызды тез істей саламыз. Бұрынғыдай газ баллон тасымаймыз.

Махаббат Нысанова, қала тұрғыны:

- Биыл да берілмей қала ма деп қорыққанбыз. Бірақ келді газ.

Көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге тапсырылған үйлерге осы уақытқа дейін жылу мен газ неліктен берілмеді? Жауаптылар пәтер иелеріне түрлі сылтау айтып, нақты жауап беруден жалтарғанымен іске Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті араласқан.  

Нұрлан Арынбаев, ҚР СЖҚІҚА ТО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Департаменттің привенция қызметкерлерімен инфрақұрылым және құрылыс саласында маниторинг жүргізіліп, Кентаудағы 10 үйде газ берілмеген себептерін зерттеп, өзіміздің бақылауымызға алдық.

Арнайы мониторинг жүргізген антикор қызметкерлері анықталған кем-кетіктерді облыс әкімінің назарына ұсынған. Ал аймақ басшысы мәселені өз бақылауына алып, мәселені тез арада шешуді тапсырған.

Талғат Қасымбеков, Кентау қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:

- Қалалық 17 шақырым магистраль газ құбырында су пайда болып, біз сол магистральды газ құбырынан судың бәрін ағыздық. Себебі ертең қыс айларында суық кезде қатып қалу қауіпі болды. Сол қалпына келтіру жұмыстары көп уақытты алды. Қазір ол жұмыстар толық аяқталып, жұмыс қабылданды.

Мамандардың айтуынша, бұл үйлер газбен жылынуы тиіс болған. Алайда көгілдір отын Кентау қаласына биыл көктемнен бастап беріле бастады. Газдандыру үш кезеңмен жүргізілуде. Қазір қаладағы 18 мыңнан астам абонент сұйық отынға қосылып, өркениеттің игілігін көріп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш