Елімізде жұқпалы емес аурулардың 80% зиянды әдеттен пайда болады

Қарапайым төрт сұрақ мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Дүниежүізілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша еліміздегі жұқпалы емес аурулардың 80 пайызы зиянды әдеттердің кесірінен пайда болады екен. Осы жағдайды өзгерту үшін халықаралық ұйым өкілдері бүгін Алматыда арнайы оқу нұсқаулығын таныстырды. 

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. BRIEF нұсқаулығы медициналық қызметкерге науқаспен бірге жұқпалы емес аурулардың қаупін анықтауға және зиянды факторлардың әсерін азайту мақсатында жоспар құруға көмектесетін сауалнама. Сіз оянған соң бірінші темекіні қашан тартасыз? Аптасына қанша рет тәтті тағамдарды жейсіз? Алкогольдік сусындарды қаншалықты жиі ішесіз? Күніне қанша уақыт отырып немесе шынтақтап жатып өткізесіз? Нұсқаулықтағы осы сауалдарды алматылықтарға қойып көрдік.

БЛИЦ:

- Мен аса тәттіге құмар емеспін, бірақ шәйді қантсыз іше алмаймын. Шәйді міндетті түрде қантпен ішкеннен шығар, басқа тәттіге құмар емеспін.

- Аптасына ма? Екі рет шығар, үш күнде бір рет ішемін, тәтті сусынды ұнатамын.

- Белгілі бір күндері ішімдік ішіп тұрамын. Негізінен мереке күндері, демалыс күндері ішемін.

- Сегіз сағат жұмыс болса әрдайым менікі ары-бері жүгіріс, сондай жұмыс. Бір орында отыратын жұмыс емес. 

Тиісті жауапты алған соң дәрігерлер адамдарға зиянды факторлардың кері әсерін айтып, салауатты өмір салтына бағдарлай алады. Кейбір зерттеулерге сәйкес Европа аймағындағы науқастардың 95 проценті жұқпалы емес аурулардың қаупі жайлы кеңес алмайтынын көрсеткен. 

Мелитта Якаб, ДДСҰ Еуропалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының басшысы:

- Бұл нұсқаулық 80 маманның қатысуымен жасалды. Өйткені, адамдарға дәрігер 5 минуттың ішінде қысқаша сауалнама жүргізіп, денсаулығына төнер қауіп туралы алдын ала ескертсе, темекі, ішімдік сияқты зиянды заттардан бас тартуы мүмкін. Оған тиісті дәлелдер келтірілсе, нәтижесі де жоғары болмақ. Адамдардың жұқпалы емес ауруға шалдығу көрсеткіші азаяды.

BRIEF оқу нұсқаулығы Орталық Азия елдері арасында Қазақстанда бірінші болып енгізіліп отыр. Болашақта өңірдегі өзге мемлекеттерде де жүзеге асады. Ең бастысы, жоба нәтижелі болу үшін дәрігердің рөлі мен біліктілігі маңызды.

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов

Сондай-ақ...