Ақтаудағы қоғамдық көлік паркі толық жаңарды

Бұрын қала тұрғындарын ескі үлгідегі шағын автобустар тасымалдайтын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Валидатордың болмауынан жолақы қолма-қол төленіп келді. Мәселе 2020 жылдан бері кезең-кезеңімен толық шешімін тапты. 38 көнерген көлікті отандық зауытта құрастырылған салоны кең, төбесі биік автобустар алмастырды. Биыл парк құрамы тағы 16 жаңа автобуспен толықты. Әрқайсысы салқындатқыш жүйемен қамтылған. Wi-Fi және бейнебақылау желісіне қосылған. Оларда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы орындар мен пандустар бар.

Асхат Нұрмұқан, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мм басшысы:

- Тасымалдау жүйесін жаңарту мақсатында 2023 жылы Ақтау қаласында жаңадан бой көтерген шағын аудандарды қамтитын жаңа маршруттарды ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын толықтау қамтуға үлесін қосады.