Өскеменде электронды билет жүйесінің енгізілуі өз тиімділігін көрсетті

Мәселен, қоғамдық көліктерде жолаушылар саны екі есе артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың 85% осы әдіспен төлем жасайды. Бастысы электронды жүйе арқылы тиімсіз әрі жоғары сұраныстағы  бағыттар анықталды. Осы мәліметтер негізінде шығыны көп автопарктерге субсидия төлене бастады. Бұл өз кезегінде автобус жүргізушілерінің еңбекақысын көтеріп, кадр мәселесін шешуге септігін тигізіп отыр. Екінші жағынан ескірген қоғамдық көліктерден арылуға мүмкіндік туды. Бүгінгі күнге дейін 2 млрд теңгеге жуық қосымша қаржы бөлінді. Биыл қалаға 52 жаңа қоғамдық көлік алынды. Жыл соңына дейін тағы 30,  ал келесі жылы 70 автобус алу жоспарланған.

Қымбат Базилова,тасымалдушы компания директорының орынбасары:

- Жыл басынан бері біздің компания 25 автокөлік алды, бізге бөлініп жатқан субсидия уақытылы, дер кезінде толық көлемде бөлініп отырса, алға қойған мақсаттарымыз көп. Алдағы уақытта да  жаңа автобустар алуға дайынбыз.

Нұрсұлтан Кәрібеков, Өскемен қаласы Жолаушылар тасымалын басқару орталығының директоры:

-Біз осы жаңа жүйе арқылы сараланған тариф енгізіп отырмыз. Яғни жолаушылар электронды түрде төлем жасаса, жол ақысы 90 теңге, ал қолма қол ақшамен 130 теңге. Осы жүйеге көшкелі саладағы жұмыс барынша ашық жүріп жатыр. Жолаушылар саны осыдан үш жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе өскен.