Алматы қаласының ауасы қашан тазарады?

Мемлекет басшысы Алматыға сапары кезінде қаланың экологиясына ерекше тоқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауаны негізінен автокөліктер, жылу электр орталықтары, өнеркәсіп кәсіпорындары және газ тартылмаған жер үйлердің ластайтынын тілге тиек ете отырып, қала басшылығына экологиялық қауіпсіздік нормаларының сақталуын қатаң қадағалауды тапсырды. Эколог мамандардың айтуынша, мәселемен кешенді түрде айналыссақ, нәтиже шығады.  

Алып шаһар Алматыда түйіні шешілмей отырған мәселелер аз емес. Солардың бірі – қала экологиясы. Алатау етегінде орналасқан Алматының табиғаты тамаша дегенімізбен, ауасы лас екені анық. Халық саны ғана емес, автокөлік нөпірі де жыл сайын көбейіп келеді. Қазір қалада 600 мыңға жуық автокөлік тіркелген. Бұған күн сайын өзге облыстардан келетінін қосыңыз. Алып шаһардың экология мәселесінен хабардар Мемлекет басшысы мәселені шешудің жолдарын айтып, қала әкімдігіне нақты-нақты тапсырмалар берді. 

Диас Маратұлы, Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының өкілі:

- Президенттің дұрыс сөзі – ол адамдарға жайлы қала концепциясы. Егер шынымен де осы концепция іске асырылатын болса және біздің қалалар қазіргі көптеген көлік иелерінің сұраныстарына қарамай, шынымен адамдарға өз бетін бұратын болса, сәйкесінше қоғамдық көлікті дамытып, велоинфроқұрылымды дамытып және көлік қолдану жағдайын қиындататын болса, онда қаламызда жақсы өзгерістер болуы мүмкін.

Жыл сайын Алматы атмосферасына шығарылатын зиянды қалдықтың көлемі 125 мың тоннаға жуықтайды. Оның ішінде күкірт, азот диоксидінің, азот оксидінің, бензол, бенсперен, формальдегид секілді зиянды заттар бар. Екінші және үшінші жылу электр орталығы газға көшсе де жағдай біраз жақсарады. Мегаполисте ауаның таза болуына тығыз әрі ретсіз салынған ғимараттар да кедергі келтіріп тұр. Мәселені шешудің тағы бір жолы – қаланы көгалдандыру жұмыстарын сапалы әрі біркелкі жүргізу.

Диас Маратұлы, Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының өкілі:

- Соңғы жылдары Алматымызда «Миллион ағаш егеміз» деген бағдарлама өтіп жатыр. Тек қана әдемі санға қарап, олардың сапасына қарамайды. Сол себептен көптеген ағаштар 1-2 жылдан кейін қайтадан өліп жатады. Менің ойымша, ағаш санын тек индикатор ретінде емес, жалпы қаладағы көгалдандыру өмір сапасы деген индикатор басым болу керек.

Мамандар жоғалып кеткен трамвай желісін қайта қалыпқа келтіріп, троллейбустарды көбейту керектігін айтады. «Сондай-ақ метро құрылысы да қарқын алып ертерек қолданысқа берілсе, қала тұрғындары жеке көліктен гөрі қоғамдық көліктерді көптеп пайдаланатын еді», – дейді. Ал Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін қалада дизельді автобустардың болмауын, оларды газбен және электр қуатымен жүретін көліктермен алмастыру керектігін қадап айтты.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон