Елде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруды жоспарлаған қылмыстық топ мүшелері ұсталды

20 қараша күні елде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруды жоспарлаған қылмыстық топтың мүшелері ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура мамандары жүргізген арнайы операция барысында 7 адам тұтқындалды. Мәліметтерге қарағанда ұйымдасқан топ жұртты жаппай тәртіпсіздікке шақыру арқылы, құқық қорғау органдары мен әкімшілік ғимараттарға және тіршілікті қамтамасыз етуге қажетті стратегиялық нысандарды шабуылдауды жоспарлаған.

Топ мүшелері тұрақты кездесулер өткізіп, әрқайсы қандай қылмыс атқаратынын пысықтап отырыпты. Бұған қоса, тәртіп сақшыларына қарсы қолдану мақсатында жанғыш бөтелкелер дайындап, оларды қару-жарақ, бензин және өзге қылмысқа қажетті құрал жабдықтармен бірге жасырын сақтаған. Күдіктілер ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды. Оларға қатысты тергеу басталды.