Қостанай облысында ауызсуды тың технологиямен тазалап жатыр

Бұрынғыдай хлормен тазалау әдісі қолданылмайды. Оның орнына арнайы реагент пайдаланылады. Жаңа жүйені елімізде алғаш болып Лисаков қаласы енгізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лисаков қаласында бұл су тазарту станциясы жарты ғасыр бұрын салынды. Биыл нысан жаңғыртудан өтіп, бірсыпыра инновациялық жүйемен жабдықталды. Модульді станция орнатылып,  хлордың орнына реагент пайдалану қажеттілігі туды. Енді шағын шаһар тұрғындары экологиялық таза ауызсу тұтынады.    

Андрей Кусов, бас мердігер:

- Реагенттің құрамында тұз жоқ. Оның адам денсаулығына ешқандай қаупі жоқ. Ауыр металдарды, органикалық ластануды тиімді тазартады. Аталған технология Финляндия және Чехияда кең қолданысқа ие.

Жаңа жүйе Ресейдегі 150-ге жуық қалада өзінің тиімділігін дәлелдеген. Тазарту жүйесіне Лисаков қаласының қазынасынан 162 млн теңге бөлінді. Бюджет қаржысы өзін толық ақтайтынына сенімді қала басшысы.

Абай Ибраев, Лисаков қаласының әкімі:

- Судың сапасы жақсаратыны сөзсіз. Яғни адам денсаулығына да пайдасы болады. Құбырлар көпке дейін шыдас береді. Реагенттің өзі арзанға түсіп, көп мөлшерде қолданылмайды. Өз кезегінде бұның экологияға зияны болмайды.

Ескі технологиядан бас тарту су құбырларының пайдалану мерзімін үш есе арттырады. Коммуналдық салада қаражаттың айтарлықтай үнемі болады.

Абай Ибраев, Лисаков қаласының әкімі:

- Тарифтің тұрақтылығына да әсер етеді. Судың өзіндік құны төмендеп, негізсіз қымбаттауын болдырмайды. Әзірге ауызсу тазартудың бұл технологиясы республика бойынша алғаш бізде енгізілді. Қазір оның бірінші кезеңі аяқталды.

Нысандағы жұмыстардың екінші кезеңі келер жылы жалғасады. Қалада ауызсудан басқа кәріз жүйелерін тазартудың тың технологиясы да қолданысқа енгізіледі.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Сондай-ақ...