Жетісу облысында құланды қорғау жұмыстары жүріп жатыр

«Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында сирек кездесетін жылқы тұқымдас түркімен құландарын жерсіндіру және олардың санын арттыру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының мамандары «Охотзоопром» өндірістік бірлестігімен бірігіп республикамыздың екі облысына 60-тан астам жабайы жануарды жеткізген.

Құландар елімізде «Қызыл кітапқа» енген және жоғалу қаупі бар сирек кездесетін жануарлар қатарында. Қазақстанды мекендейтін құланның түрі өткен ғасырдың 30-шы жылдарында толықтай жойылып кеткен деп саналады. Олардың жойылуына адам факторы, аңшылық және үй жануарларымен жайылымға талас әсер еткен. Ғалымдар құландардың реинтродукциясы жобасын қолға алып, 1953 жылы Арал теңізіндегі Барсакелмеске Түркіменстаннан 11 құлан әкелінеді. Алайда Арал теңізі тартылып, судағы тұз мөлшері артқан соң, жылқы тұқымдас жануар тұзды су іше алмайды. Сондықтан құландарды  «Алтынемел» ұлттық саябағына жеткізеді. Жер жәннаты Жетісу жерінде құланның саны артып, қазіргі уақытта 4 мыңға жуықтап қалған. Енді түз тағысын еліміздің өзге өңірлеріне жеткізу жұмыстары жүріп жатыр.

Әсет Әлімбек, «Алтынемел» МҰТП Қапшағай орманшылығының бөлім бастығы:

- Бізде осы құландарды жерсіндіру мақсатында «Алтынемел» ұлттық паркінен жан-жаққа басқа резерваттарға құландар алынып жатыр. 2017 жылы Алтын дала резервартына 9 бас құлан алынды. 2022 жылы Алтын дала резервартына 4 бас құлан алынды. 2022 жылдың қазан айында жерсіндіру мақсатында Іле-Балқаш резевартына «Алтынемел» МҰТП-ден 60 бас құлан алынды.

Қазіргі таңда құландар еліміздің екі облысында мекендейді: оңтүстік Балқаш өңірінде және Ұлытау облысындағы «Алтын дала» қорығында. «Оларды жерсіндіру жұмыстарының ең қиын кезеңі осы оңтүстіктен «Алтын дала» резерватына жеткізу», — дейді мамандар.

Әсет Әлімбек, «Алтынемел» МҰТП Қапшағай орманшылығының бөлім бастығы:

- Енді бұл құландарды жерсіндіру мақсатында алып кету үшін КамАЗ автокөліктеріне, ағаш жәшіктерге бөлек-бөлек құландарды тиеп жібереміз. Ал енді Алтын дала резерварты алыс болғандықтан оған вертолетпен алып кетіп жатыр.

Қазір «Алтын дала» қорығында барлығы 12 бас құлан бар екен. 2017 жылы қолға алынған жабайы жануарларды жерсіндіру жұмыстарының өзіндік қиыншылықтары да бар. Біріншіден, оларды қолға үйрету мүмкін емес, сондықтан түн уақытында ғана ұстауға тура келеді. Қараңғыда құландар нашар көреді және жылдам жүгіре алмайды. Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы түз тағысын тұрақты түрде көбейту үшін Торғай даласына тағы 80 құлан апаруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Григорий Беденко, Кенже Амраев