Еліміздің батыс өңірлерінде 700-ге жуық мұғалім жетпейді

Батыс өңірлердегі мұғалім тапшылығы мәселесін шешу үшін арнайы бағдарлама әзірленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның бір нәтижесі, мәселен, Маңғыстау облысына орыс тілінен сабақ беретін 9 мұғалім келді. Бағдарлама аясында ұстаздардың жалақысына 250% үстемақы қосылады. Бұдан бөлек баспана жалдауға мүмкіндік жасалған. Тиімді шарттар мұғалім жетіспеушілігі мәселесін біртіндеп шешуге септеседі деп санайды мамандар. Себебі қазірдің өзінде Атырау облысында 650 мұғалімнің орны бос тұр. Ал Маңғыстауға орыс тілінен сабақ беретін 20-дан аса ұстаз керек. Ақтөбе өңірінде де кадр тапшы.

Әлия Әбутәлиева тарих пәнінің мұғалімі. Жұмыс өтілі 17 жылдан асқан ұстаз 2 мектепте қатар сабақ беріп жүр.

Әлия Әбуталиева, тарих пәнінің мұғалімі:

- Орыс тілі маманы жетіспейді және тарих маманы орыс сыныбына жетіспейді. Қатты кедергі болмайды, үйреншікті. Тек екі жерде жүргеніміз болмаса. Бірақ біз балаға қарағанда шаршағанымызды ұмытып кетеміз.

Атырау облысында жалпы саны 12 мыңнан аса педагог бар. Соңғы жылдары аймақ әкімінің грантымен білім алған 178 жас маман мектепке орналасты. Әлі де болса, 650-ге жуық бос орын бар. Білім басқармасындағылар ұстаздарды қызметке алу бойынша арнайы бағдарлама әзірленгенін алға тартады.

Айнагүл Дүйсекенова, облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

- Басқа өңірлерден ұстаздарды тартуға байланысты қазіргі таңда министрлік алгоритмін жасақтап, әр қарай ұйымдастырылатын жұмыстардың жоспарын жасақтап жатыр. Бұл мұғалімдерге арнайы пакет дайындалады, өңірлерге шақыруға байланысты. Әсіресе тұрғын үй мәселесі, еңбекақы мәселесі.

Бұл бағдарлама «Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту» деп аталады. Соның аясында осы жылы Маңғыстау облысына орыс тілінен дәріс беретін 9 мұғалім келді. Айта кетерлігі, олардың айлығына 250% үстемақы қосылады. Яғни ұстаздың баспана жалдап тұруына мүмкіндік жасалған.

Гүлмира Мамаева, облыстық Білім басқармасы басшының орынбасары:

- Ол мұғалімдер қазір біздегі мектептерде жұмыс жасап жатыр. Олар – үздік педагогтар. Арнайы тестілеуден өтіп келген. Жаңа оқу жылынан бастап орыс тілін біздер группаға бөлген жоқпыз, нормативке байланысты. Жалпы біздегі қажеттілік жабылды деп есептеуімізге болады.

Ал Ақтөбе облысында 40-тан аса маман керек. Әсіресе ауылдарда физика-химия, математика және ағылшын тілі пәні мұғалімдері жетіспейді. Жауаптылар мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысты күшейткен. Ендігі кезекте жергілікті бюджеттен тағайындалған грант иегерлері оқу бітірген соң ауылға барып, 3 жыл қызмет етуге міндетті. Жоба аясында биыл 16 түлек жолдама алған. Келер жылы 23 жас маман шалғайдағы елді мекенде еңбек жолын бастауы тиіс.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Асланбек Шығыр, Мансұр Бекқожин, Саламат Бекбаев