Қызылорда облысында Басықара көпірі ашылады

Қазалыда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүріп жатыр. 4 ауылды аудан орталығымен байланыстыратын Басықара көпірінің құрылысы аяқталып, 3 елді мекенге газ беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауданда тұрғындар серуендейтін орындар мен балалалардың спорт, ойын алаңдары көбейді. Өйткені халық саны артқан. Сол себепті аудан орталығы да кеңейіп келеді.

Қазалы ауданындағы Басықара көпірінің құрылысы аяқталды. Ұзындығы 33 метр болатын екі жолақты жаңа өткел бірер күнде ашылады. Бұрынғы ескі көпір апатты жағдайда тұрған. Осыған орай шұғыл шешім қабылданып, екі жылда жаңасы салынды. Осылайша, Басықара, Сарыбұлақ, Абай және Өркендеу ауылының тұрғындарының аудан орталығына қатанауына қатысты мәселе толық шешілген.

Көпжан Бижанов, мердігер:

Бұл 40-50 тонна көтере береді ғой. 33 метрлік балка ғой. Өте салмақты, сапалы салынды деп сендіруге болады. Облыс көлемінде ең бірінші рет 33 метрлік балка салынып тұрғаны.

Қазалы ауданының орталығында тұрғындар саны көбейіп, көлік нөпірінің артуы байқалады. Сондықтан Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын байланыстырып тұрған 7 шақырымдық автокөлік жолы да 4 жолақты етіп, кеңейтіліп жатыр. 

Нұрман Ердалиев, аудандық ТКШ бөлімінің бас маманы:

– Қазіргі таңда осы автомобиль жолында орналасқан екі темір бетон көпірі мен 2 су өткізгіш құбырына қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ автомобиль жолының негізгі қабатын күшейту жұмыстары және автобус аялдамаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Енді нысанды пайдалануға беру 2023 жылға жоспарланып отыр.

Жақын күндері Жалаңтөс Батыр, Қашақпай Пірімов және Басықара ауылдарындағы 3 мыңдай тұрғын мен 26 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосалыды. Бүгінде бұл елді мекендерге газ құбырлары толық тартылған. 

Гүлшара Сембиева, Басықара ауылының тұрғыны:

– Осы ауылға 86 жылдан бастап келін болып түстім. 36 жылдан бері сол табиғи отынды пайдаланып келе жатырмыз. Көп уақытымызды алатын еді. Енді көгілдір отын пайдаланғаннан кейін немерелерге, үйге қарауға уақытымыз көп қалады деп ойлаймын.

Аудан орталығында тұрғындардың демалыс орындарын көбейту бастамалары да жалғасын табуда. Ол үшін спорт және балалардың ойын алаңы салынып, 3 мың 600 текше метр жер саялы орынға айналады.   

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов