Қарқаралыда туристік нысан көбейіп келеді

Қарқаралының көркем табиғаты мен тереңнен сыр шертер шежіресі өз саяхатшыларымызды былай қойғанда шетелдік қонақтардың өзін тамсандыратыны талассыз.

Қазір бұл өңірде 400-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш бар және 90 мың гектар аумақты алып жатқан ұлттық табиғат паркі орналасқан. Оны тамашалауға жыл сайын орташа есеппен 20 мың турист келеді екен. Бірақ өкінішке қарай сол жер-жаһаннан жиналатын жиһанкездерді қабылдап, оларға қызмет көрсететін демалыс орындары ауданда жетіспей келді. Осыған орай, кенжелеп қалған салаға қаржы құйғысы келетін кәсіпкерлерге жер телімдері ұзақ мерзімге жалға беріле бастады. Алғашқы нәтижесі жаман емес.

Табиғат аясында тұрғызылып жатқан мына 3 глэмпинг жаңа жыл қарсаңында ашылмақ. Киіз үй пішіндес нысандардың екеуі қонақ үй, біреуі асхана. Оны салу үшін жергілікті жас кәсіпкер Айжан Оңғарбай 20 миллион теңге жұмсаған. Қаражаттың біраз бөлігін жеңілдетілген шартпен несиеге алыпты, тағы бір бөлігі қайтарымсыз грант есебінде берілген. Әзірге тәулігіне 10 адамды қабылдай алады. Келешекте тағы 3 глэмпинг салуды жоспарлап отыр. 

Айжан Оңғарбай, кәсіпкер:

- Болашақта осы жерде жоспарда кинотеатр ашылады. Балаларға арналған көптеген іс-шаралар болады. Сондай-ақ мына жерден ұзынынан всесезонная горка дейді ғой, сондай жыл бойына арналған сырғанақ болады. Қызығушылық өте көп. Мен уже бастамай жатып қазіргі кезде сұраныс өте көп. Қашан ашыласыздар деген сұрақ өте көп болып жатыр.

Қазір Қарқаралыда барлығы 35 демалыс орны бар. Мұнда бір мезгілде 3 мың адам тоқтай алады. Бұл әрине жеткіліксіз. Себебі жыл өткен сайын туристер көбейіп келеді екен. Айталық биыл тек 6 айдың өзінде 9 мыңға тарта қонақ келген. Олар жергілікті бюджетке 265 миллион теңге кіріс әкеліпті. 

Динара Шәріп, Қарқаралы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы:

- Туризм саласын дамытуға, кәсіпкерлікті дамытуға былтырғы жылы 8 жер телімі берілген болатын. Бұл жер телімдері Ұлттық табиғи паркімен шектескен табиғат аясында орналасқан жерлер. Биылғы жылы 7 жер телімі берілді. Ол 13,5 мың гектар болады. Енді жоспар бойынша бұл жер телімдерінде туристік нысан салынады.

Бұған қоса биыл ұлттық табиғат паркінің аумағындағы 75 жер телімі де жалға беріледі. Бас жоспарға енгізілген. Қазір салалық министрлікте экологиялық сараптамадан өтуде.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар