Жетісу облысында бос жатқан жерлер мемлекетке қайтарылды

Биыл Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы 7 мын 600 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Себебі ауыл шаруашылық мақсаттағы аумақ пайдаланылмаған. Мәселеге прокуратура араласқан соң шаруалар өздеріне тиесілі аумақты ерікті түрде өткізіп берді. Соңғы үш жылдық сараптама негізінде аудан аумағындағы 290 мың гектарға жуық жердің бос жатқаны анықталған. Соның 270 мың гектары қабылданған тиісті шаралар нәтижесінде қайта игеріле бастады. Ал 20 мың гектар жайылым жекеден аудан қорына алынды,-дейді құзырлы орган өкілдері. Тексеріс барысында бірқатар инвестициялық жобаның жүзеге аспағаны белгілі болды.

Шыңғыс Арғымбаев, Кербұлақ ауданының прокуроры:

- 28 инвестициялық жоба бойынша жер бөлінген. Біздің талдау жүргізу қорытындысы бойынша 14 міндеттемелерін орындамағаны белгілі болды. Сол бойынша жергілікті атқарушы органға қадағалау актісі енгізіліп, 28 мың гектар жерді аудан қорына қайтару жоспарлануда.