Атырау облысында Қиғаш өзенінің түбі тереңдетіліп жатыр

Құрманғазы ауданындағы Қиғаш пен Шора өзендерінің тармақтары 40 жылдан бері тазартылмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Теңізге апаратын су жолындағы мәселе балықшыларға да кесірін тигізіп отыр. Өйткені су таязданып, кемелердің теңізге шығуына кедергі келтіреді. Балық миграциясы да бұзылады.

Бақыт Есбергенов, Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

– Қазір балық шаруашылығына қиын болып тұр. Жүріп тұруға каналдардың бәрі таязданып кеткен. Сібір-Батыс жағынан соққанда жел біз үшін өте ауыр болады. Себебі судың бәрі теңізге құйылып кетеді де, су таяздап, көп жерлер қара жер болып қалады.

Су түбін қазатын екі кеме тәулігіне шамамен 4000 текше метр лай шығарады. 2024 жылға дейін 99 шақырым өзен тармағы тереңдетілуі керек. Оған 14 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Егер жоба сәтті жүзеге асса 10 ауыл ағынды судың игілігін көреді. Өзен арналары су маржанына толып, балық аулаумен айналысатын 6 кооператив кәсібін дөңгелетеді.

Бауыржан Нұрғалиев, мердігер мекеме өкілі:

– Қазір 4 нысанда жұмыстар жүріп жатыр. Панкрашин-1, Панкрашин-2, Ленивый-1 осы каналдарда жаңағыдай жұмыстар жасалып жатыр. Бүгінгі атқарылған жұмыстың көлемі – 11 шақырым 600 метрден астам./

Қазір Жайық өзенінің де 4 тармағы тереңдетіліп жатыр. Аршылуы тиіс су жолының 56 километріндегі жұмыс келер жылы аяқталады. Ал Қиғаштағы жұмыстың 30 шақырымы биыл тапсырылады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин