Жамбыл облысында тоғыз ауылға табиғи газ беріледі

Өңірде осыншама елді мекенді көгілдір отынмен бірден қамту бұрын-соңды болмаған. Бұл жобаға республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде газ жүйесі толықтай жүргізілген. Тек Ащыбұлақ ауылында құбырларды тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Ащыбұлақ ауылында бұған дейін көгілдір отын болмаған. 2500-ден аса тұрғын осы уақытқа дейін ағаш жинап, көмірді пайдаланған. Табиғи газды көп күткендердің бірі – Перизат Ақназарова. Ол ауылға келін боп түскелі қақаған қыста отын тасып, әбден әбігерге түсетін. Енді ол бұл қиындықтың артта қалатынына қуанышты.

Перизат Ақназарова, Ащыбұлақ ауылының тұрғыны:

– Осы 26 жылдан бері көмір жағып келеміз. Күл шығарып көмір жағып. Тазалыққа да қиын мына жерде, лас болады дегендей. Ал қазір газ келсе, Құдай қаласа, барлығы таза, әдемі болады деп ойлаймын.

Елді мекенге газдың қосылатынына ауыл қариялары қуанып жүр. Себебі жиғанын көмірге жұмсайтын олар, кейде қатты отынның шамадан тыс қымбаттап кететінін айтады.

Сәли Тубаев, Ащыбұлақ ауылының тұрғыны:

– 250 мыңға көмір сатып алу үшін екі айлық пенсияны жинау керек. Екі айлық пенсияны жинап, сөйтіп барып алады. Ол көлікке де төлейсің тағы да. Қазір газ келсе, арзан болады ғой. Көп арзан болады.

Жалпы ауданда 9 елді мекенді көгілдір отынмен қамту үшін 114 шақырым магистралды газ құбыры тартылды. Ал, ауылішілік жұмыстарға облыстық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінген. Бүгінде ауылдар табиғи газға қосылуға дайын.

Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі тұрған Ащыбұлақ елді мекенінде опрессовка жасаймыз. Біз дайынбыз. Енді жалпы орта қысымды газопровод 114 шақырымды құрайды. Біз 9 елді мекенді осы айдың соңына дейін толық қосамыз.

Бұған дейін Жамбыл ауданындағы 42 елді мекеннің 29-і көгілдір отынмен қамтылған еді. Биыл қараша айының соңына дейін 9 ауыл толық газдандырылады. Жоспар орындалса, ауданның табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 90 процентке жетеді.

Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Руслан Ахатіллә