Павлодарда күрделі операция жасады

Ертіс өңірінің кардиохирургтері мен онколог-дәрігерлері сырқатқа бір күнде екі операция жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

64 жастағы азамат жүрек сырқатына шағымданып келгенде, асқазанынан қатерлі ісік анықталды.  Дәрігерлер консилиум өткізіп, күрделі ота жасау туралы шешім қабылдады. Алдымен асқазандағы ісік алынды,  кейін жүректің  қолқа қақпақшасына операция жасалды. Ота таңертең басталып, кешке аяқталды. 

Мамандардың айтуынша, қазір  науқастың жағдайы тұрақты. Палатаға ауыстырылды. Алдағы уақытта дәрігерлердің бақылауында болады. Айта кетейік, медицинада осы тектес жағдайлар өте сирек кездеседі. Бір жылда екі-үш жағдай ғана тіркеледі.

Қайыргелді Қыстаубаев, науқас:

– Мен осы жылда ауырып қалдым. Жүрегім ауырды. Сосын тексеру жасадым. Онкологтарға бардым. Кісілер саған біз болысамыз деді. Мына кісілерге рахмет етемін. Көп адамға жақсылық жасап жатыр. аман болсын. Халыққа жұмыс жасап жатыр.

Ульфат Борамбаев, онколог-дәрігер:

- Дәрігерлердің жоғары біліктілігі мен үздік технологиялардың арқасында осындай бірегей операцияларды жасай аламыз. Күрделі операцияның көмегімен науқас жүрек патологиясы мен асқазан қатерлі обырынан емделеді. Қос әрекеттік қатар жасауға тура келді. Себебі, жүрек операциясынан соң обырды емдеу қиындауы мүмкін.