Ақтауда әскерилер өзіне тиесілі ақшасын ала алмай жүр

Ақтауда 44 әскери қызметші өздеріне тиесілі ақшасын ала алмай жүр.

Олар әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін дайындайтын №51809 бөлімде жұмыс істеген. 

Алайда соңғы 10 айда бірыңғай тұрғын үй төлемі банктегі жинақ шотына түспепті. «Келісім-шарт аяқталған соң жұмыстан шықтық. Желтоқсанда министрлік барлық есепті жабады. Енді бізге мүлдем төленбеуі мүмкін» - деп уайымдайды.

№51809 әскери бөлімі Ақтау-Құрық тас жолының бойында орналасқан. Бұрынғы қызметкерлердің кіреберіс қақпаны торуылдап жүргеніне біраз уақыт болыпты. Олар 2014 жылдан бері осы жерде келісімшарт бойынша әртүрлі қызмет атқарған. Барлығының мәселесі бір. Тұрғын үй төлемдерін алуға асық. Ал бөлімдегілер әр кез ақша келесі айда түседі деумен шығарып салып келген. 

Қайрат Жолдасбаев, бұрынғы қызметкер:

- Ақпанда шыққан жігіттер бар. Олар да алданған. 2 ай-3 айдан кейін деген. Қыркүйекте береміз деген, қазір ноябрь болды. Ертең декабрь. Барлығының кредиттері бар. Біреулер үй алғысы келеді. Ипотекасы бар. Маған 4 млн 790 мың шығып тұр. Қорқып жүрмін, ала алмай қаламын ба деп. 

Ерболат Өтемісов, бұрынғы қызметкер:

- Менің шыққаныма 7 айдан асты. Заң бойынша 2 айдың ішінде төлену керек ол ақша. Кеше біз әскери прокурорға барған кезде ол кісілердің өздері де айтты. Мына жерге запрос жібереді. Мына жақтағылар жауап береді. Қорғаныс министрлігінен ақша бөлінген жоқ дейді. 

Далада тұрған адамдардың қасына журналистердің келгенін көріп, әскери бөлім басшылығы шықты. Жұмыстан босаған қызметкерлердің құжаттарын арнайы комиссия қарағанын жеткізді. Тұрғын үй төлемдері қараша аяқталғанша олардың банктегі есеп-шотына аударылады дейді.

Марат Кұдабаев, әскери бөлім командирі:

- Бүкіл құжаттарды жинап, бәрін комиссия мүшелері қарастырды. Қорғаныс министрлігіне өтінішіміз жазылды. Қараша айының аяғына дейін ақша төленеді. Бүкіл қарыздары төленеді. Министрлік бөледі ақшаны. Содан ақша олардың шотына түседі.

Наразы топ биыл жұмыстан шыққан кейбір қызметкерге ақшаның толық көлемде бөлінбеуін түсіндіруді сұрады. Командирдің айтуынша, тұрғын үй төлемін алу үшін қажетті құжаттарды кешіктірмей тапсыру керек. Жиналғандар бұл уәжбен келіспеді. Десек те, бүгін берілген уәдені күтуден басқа амалы жоқ.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев