Алматының жол-көлік жүйесін қалай жетілдіруге болады?

Қазір кейбір бағыттар жолаушылар үшін тиімсіз. Халық көлік кептелісінен шаршаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Автокөліктің көптігі ауаны ластап, қоршаған ортаға зиянын тигізіп отыр. Жолақысын төлеуге арналған жеңіл әрі түсінікті «Оңай» жүйесінің өзін жетілдіру керек секілді. Бұл жүйе тұрғындар үшін қаншалықты қолайлы?

Алматылықтар «Оңай» көлік картасын 2015 жылдың қазан айынан бастап, қолданып келеді.  Бұл жүйе ең алдымен қоғамдық көлікте төлемнен түскен қаржының көлеңкелі айналымға түсіп кетпеуін көздеді. Сондай-ақ бюджетке салық түсімін арттыру үшін енгізілді. Содан бері жол жүру ақысы қолма-қол ақшамен емес, карта арқылы төлене бастады. Жолаушылардың өздері мұны тиімді деп санайды.

Қоғамдық көлікте жол ақысын мобильді қосымша арқылы да төлеуге болады. Алайда оны смартфонға жүктемес бұрын, жолаушы алдымен  карта сатып алуы керек. Әйтпесе төлем жасай алмайсыз. Осы істің басы-қасында жүргендер көп ұзамай бұл мәселені де шешеміз деп уәде беріп отыр.

Әлібек Қалабаев, «Оңай» Көлік холдингінің жобалау-сараптама - Қазір біз осыған қатысты жаңа өнімді соңғы сынақтан өтікізуге әзірлеп жатырмыз. Яғни виртуалды карта болады. Енді қала тұрғындары мен қонақтары бұрынғыдай карта іздеп, сабылмайды. Тіпті оның қажеті болмайды. Жолаушылар жай ғана қосымшаны жүктеп алса, жеткілікті. Жолақысын картасыз, мобильді қосымша арқылы төлеп жүре береді. Бұл өте ыңғайлы болады деп ойлаймын.

Десе де «Оңайға» алматылықтардың бәрінің бірдей көңілі толмайды. «Мәселен, қосымшаны әзірлеу барысында зағип жандардың сұранысы ескерілмеген», – дейді Дәурен Бәшенов.

Дәурен Бәшенов, қала тұрғыны:

- Қосымшаны зағиптар мен көзі нашар көретін адамдар қолдана алмайды. Бізге мүлдем қолжетімсіз. Бұл қала ішінде жүруге үлкен кедергі. Өйткені аялдамаға қандай көлік келе жатқанын білуге мүмкіндік жоқ.

Зағиптар қосымшада дауыстап айтып беретін нұсқаулық болуын қалайды. Осыған қатысты көлік холдингіне бірнеше рет өтініш түсіргенімен, тұщымды жауап ала алмапты.  

Әлібек Қалабаев, "Оңай" Көлік холдингінің жобалау-сараптама бөлімінің басшысы:

- Бұл технологиялық тұрғыдан күрделі өнім саналады. Сондықтан жылдам дайын болмайды. Қашан әзір болатынын  анық айта алмаймын. Бұл мәселе біздің назарамызда. Қазір зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алайда қоғамдық автобустар мен троллейбустарда қолма-қол төлем жасайтындар әлі де кездеседі. Яғни жолаушылардың бірқатары  сараланған тариф бойынша төлеуге мәжбүр. Қолма-қол ақшамен жол жүру бағасы 150 теңге, ал картаны пайдаланса немесе SMS пен  QR-код арқылы төлесе 80 теңге.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев, Мұхит Кұдыкбаев, Сұлтан  Бейсекенов