Атырау-Астрахань тас жолы құрылысы келесі жылы аяқталады

Жалпы ұзындығы 277 шақырым жолдың әзірге 132 шақырымы ғана жөнделді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұмыс жоспардағыдан кешеуілдеп жатыр. Жауаптылардың сөзінше оған құрылыс материалдарының тапшылығы әсер етіп отыр екен. Әсіресе қиыршық тас пен битумның жетіспеуі жағдайды ушықтырған. Бұл мәселені ретке келтіру үшін келіссөздер жүріп жатыр, дейді мердігер мекеме өкілдері. Десе де биылғы құрылыс маусымында 72 шақырым жолға асфальт төселіпті.

Болатбек Айтбаев, «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ филиалы директоры:

- Құрманғазы ауданы бойынша 19  шақырым, Жанбай кентінен Аққыстау ауылына дейінгі 19 жарым шақырым, сондай-ақ Тұщықұдық пен Жанбай ауылдарының ішіндегі жолдар және Құрғақ көпірінен 17-ші разъезге дейінгі 15 шақырым жол пайдалануға берілді. Жалпы құрылыс жұмыстарын келесі жылдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.

«Атырау-Астрахань» күре жолының құрылысына 470 арнайы техника мен 600 жұмысшы жұмылдырылған. 5 асфальтбетон зауыты жұмыс істеп тұр.

 Ахмет Мүдүроғлы, мердігер мекеме өкілі:

- Осы алтыншы участоктың 95 пайыз жұмыстары бітті. Көпірді монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін бітіріп, тапсырамыз.

Атырау-Астрахань жолы бойынша бүкіл материал сырттан, Шетпеден не Ақтөбеден келеді.

Мамандардың айтуынша, халықаралық талаптарға сай болуы керек күре жолда шикілік көп. Автомагистральға жүргізілген тексерістер нәтижесінде 500-дей сынама алыныпты. 61 ақау белгілі болған. Ал 74 сынаманың нормативтік құжатқа сай еместігі анықталды. 17 кемшілік әлі жойылмаған.

Дәурен Кенжешов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» филиалының инженері:

- 5-40 фракциялық шебеннің орнына 0-40 фракциялық шебень төселген. Және асфальтті бетондардың ақаулары бар. Керндардың қалыңдығы келмеуі.

Кемшілігі көп күре жолда екі жыл ішінде 11 адам жол апатынан көз жұмды. Көлік жөндеу орталығына жиі баратын жүргізушілер де әбден шаршаған. Жолдың нашарлығынан тіпті Құрманғазы ауданына қатынайтын такси құны да шарықтап кетіпті.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

 

 

Сондай-ақ...