Ақтөбеде дабыл батырмалары орнатылды

Қаладағы ел көп жиылатын 10 орынға полициямен жедел байланысу құрылғылары қойылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді қиындыққа тап болған жан телефонсыз ақ тәртіп сақшыларының көмегіне жүгіне алады. 

Райымбек Аманқұлов, облыстық ПД Ақпараттандыру және байланыс басқармасының аға инженері:

- Ұялы телефон болмаған жағдайда немесе жоғалтып алған жағдайда адамдар көп жиналатын жерлерде телефон жоғалтып, қазір батарейка отырып қалады дегендей сондай жағдайда келіп кнопканы басуға болады.

Дабыл батырмасында бейнебақылау мүмкіндігі де бар. Яғни, хабарласқан адаммен бірге сол маңды да байқауға болады. Тұрғындар жедел байланыстың бұл түрін шаһардың барлық ауданына орнату қажет дейді. 

Бізде енді тек қана қаланың қақ ортасына ғана емес бізде криминалдық аудандар бар сол жерлерге орнату керек деп ойлаймын әлі де өте көп қажет бізге.

- Мұндай батырмаларға сұраныс болады деп ойлаймын. Әсіресе қолыңда телефон болмай немесе сөніп қалса таптырмас көмек. Тіпті адам өміріне қауіп төнген кезде араша болып қалуы да мүмкін.

Полицейлер байланыс батырмасын орнатпас бұрын шаһардағы қылмыстық ахуалды зерттедік дейді. Халық көп жиналатын жерлер мен түрлі тәртіп бұзушылық жиі болатын көшелер таңдалған. Бұдан бөлек ұялы телефонды жедел қоңырау шалу жүйесіне тіркеуге де кеңес береді. Былтырдан бері жұмыс істеп тұрған цифрлық қосымша арқылы күніне 20-дан астам ақпарат түседі.

Екатерина Гассен, облыстық ПД Ақпараттандыру және байланыс басқармасының бас маманы:

- Қазір бұл қосымшаны тұрғындар белсенді қолданып жүр. Негізінен жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері туралы ақпарат түседі. Автокөліктегі бейнекамераға түскен таспаны жедел басқару орталығына жолдай алады. Сол жердегі кезекші операторлар тіркеп, полиция жасағына хабар береді.

Полицейлер көшедегі дабыл батырмасының тиімділігін әлі де зерделеуді көздейді. Егер тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмегі тисе келер жылы тағы 15-і орнатылады. Қажетті орындар халықтың талап-тілегін ескере отырып таңдалады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков