Жамбыл облысында жылдар бойы жырға айналған жол мәселесі шешімін таба бастады

«Меркі-Бурылбайтал» тас жолының жайын айтып, көлік жүргізушілері талай жылдан бері шығамданып жүрген еді. Енді 2019 жылы басталған жаңарту жұмыстары аяқталып, жолдың 80 шақырымы пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Меркі-Бурылбайтал» тасжолы өткен ғасырдың 70-ші жылдары пайдалануға берілген. Ол тәулігіне 400-ден 600-ге дейін автокөліктің өту жиілігіне есептелген. Дегенмен бүгінде бұл көрсеткіш 5 мыңнан асып жығылады. Көліктің ағынына шыдас бермей, жол төсеніштері қатты бүлінген. Әйтсе де 2019 жылы республикалық маңыздағы автодәлізді қайта жаңғырту жұмыстары басталған-ды. Бүгінде тас жолдың «Хантау-Бурылбайтал» учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды.

Тілеужан Ержан, «ҚазАвтоЖол» ҰК Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Аталған учаскеде қазіргі таңда 70 су өткізу құбыры, 9 мал өтпесі, 2 көпірдің және 2 теміржол арқылы өтпелердің құрылысы аяқталған. Учаскенің жоғарғы бетінің жабыны қиыршық тасты мастикалық асфаль бетоннан жасалған. Аталған учаске екінші техникалық санатта реконструкцияланды.

Республикалық маңызы бар жолдың бұл учаскесіне 860 жол белгісі қойылып, 37 шақырым қоршау орнатылды. Жобада қолданылған жол-құрылыс материалдарының барлығы отандық өнім екенін атап өткен жөн. Дегенмен құрылыс жұмыстарында олқылықтың болғанын ұлттық сапа орталығының мамандары растады. 

Қадыржан Мырзаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Жамбыл облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Республикалық мәндегі жолдарды тексергенімізде талапқа сай келмейтін 157 дерек анықтадық. Олардың 36-сы ­– өрескел қателіктер. Олар бетон мен асфальттың төмен түсіп кетуі. Шұңқыр мен жарықшалардың пайда болуы. Мұндай жағдайда біз мердігер мен техникалық бақылушыға еркерту жасаймыз. Олқылықтарды қалпына келтірмеген болса, жұмысын тоқтату үшін тиісті мекемелерге шағымданамыз.

Жамбыл облысында республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы 1000 шақырымнан асады. Бүгінде оның 450 шақырымға жуығы қайта жөндеуден өткізіліп жатыр. Жауаптылар 2024 жылы облыс аумағындағы республикалық маңызы бар тас жолдардың сапасын жақсартамыз деп отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев