Ел нарығындағы ойыншықтардың тең жартысы бала денсаулығына қауіпті

Бұл туралы арнайы зерттеу жүргізген Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары хабарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сапасы төмен ойыншықтардың 90% көрші Қытай республикасынан әкелінген көрінеді. Осы деректер бойынша 72 әкімішлік іс қозғалып, сапасыз тауар сатқан кәсіпкерлер 16 млн теңге айыппұл төлеген.

Дариға Ташенова, тілші :

- Баланың көңілін табу үшін ата аналар ойыншықтың түр-түрін алып беруге дайын. Алайда бұл ойыншықтар бүлдіршіннің денсаулығына қаншалықты зиян екені туралы әркім ойлап жүрмейді. Мамандардың айтуынша, оны сатып алмас бұрын  өндірген елі, таңбасының болуына назар аудару керек. Біз болсақ ойыншықтардың сапасын тексеру үшін арнайы зертханаға аттанбақшымыз.

Ойыншықтардың химиялық құрамын тексеру оңай шаруа емес. Оған кем дегенде 5 күн керек. Өнім бір тәулік бойы тазартылған суда жатады. Осы уақытта барлық бояуы шығуы тиіс. Кейін оны арнайы аппаратқа салып, құрамындағы улы заттың мөлшерін анықтайды. Біз әкелген ойыншықтағы бұл көрсеткіш 100-ге тең. Ол нормаға сай болып шықты.

Саламат Жанықұлова, зертхана маманы:

- Алдымен зертханаға келген ойыншықтардың маркировкасын қараймыз. Маркировкада ойыншықтың толық атауы, өндірушінің мекенжайы, импортеры, өндірушінің шығарған жері, құрамы жазылып тұруы керек.

Ойыншықтарды зертханаға Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жібереді. Мәселен, биыл ведомство 2500 өнімді тексерген. Олардың 48% талапқа сай болмай шықты. Басым бөлігі дұрыс таңбаланбаған. Құрамында улы химиялық заттар мөлшері асып кеткендері де болды.

Дамир Тайғұлов, ҚР ДСМ Санитариялық - эпидемиологиялық бақылау комитетінің  бас сарапшысы:

- Сәйкес келмеген ойыншықтар арасында қуыршақ LOL бар, неше түрлі әскери ойыншықтар, жұмсақ ойыншықтар, антистресс бар.

Баланың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін экологиялық таза ойыншық сатып алу керек. Мұндай өнімнің бағасы сәл қымбаттау болғанымен, қазір оған сұраныс жоғары. Кезінде баласының денсаулығына қауіпсіз ойыншық іздеген Әлия Тоқтанаева қазір жолдасымен бірге өзі осындай өнім шығарып жатыр.

Әлия Тоқтанаева, кәсіпкер:

- Пандемия кезінде біз қызымызға ойыншықтар іздей бастадық. Баланың миын дамыту үшін түрлі ойыншық іздедік. Осындай ойыншықтарды өндіруге идея келді. Шығарылатын ойыншықтар ағаштан немесе фанерадан жасалады. Өйткені ол экологиялық, табиғи өнім. Бала аузына салса да ешқандай зиян келтірмейді.

Сарапшылардың айтуынша, құрамына фенол немесе формальдегид қосылған ойыншықтар баланың аллергиясын асқындыруы әбден мүмкін. Ал оны ауызға салса, тіпті асқазан ауруына әкеп соқтыруы ықтимал. Сол себепті ойыншықты алмас бұрын, сатушыдан өнімнің сапасын растайтын құжатты талап еткеніңіз жөн.

Авторлары: Дариға Ташенова, Серік Қоңырбаев, Наурызбай Құрманғазы