Ақтөбедеде саяжай тұрғындары қираған көпірмен қатынауға мәжбүр

Жаяу жүргіншілерге арналған өткел кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан бірнеше жыл бұрын демеушілердің салған өткелі бір жылға жетпей, пайдаға аспай қалды. Арнамызға арызын айтып хабарласқан халық қатердің бетін алып, қауіпсіз өткел салып беруді өтініп отыр. 

Халық арасында «қылкөпір» аталып кеткен бұл өткелді жақын маңдағы тұрғындардың өздері жасап алған. Қолда бар ескі-құсқы құрылыс материалдарынан салынған бір аяқ жол алты айға ғана жетеді. Көктемгі су тасқынына төтеп бермейтін көпірді күн жылынған соң қайтадан тұрғызуға тура келеді.

Серік Көшеков, саяжай тұрғыны:

- 24 мамыр күні салдым. Өйткені 25 күні балаларымыз, немереміз соңғы қоңырауға баратын болды. Амал жоқ, суға түсіп, салдық. Су деген мұздай. Сынаның басы бұлақ қой. Қарғалы жаздыгүні де мұздай болады.

Серік Көшеков: «Қарғалы бойындағы саяжайға көшіп келгелі көрген күніміз осы», – ­­­дейді. Жақын орналасқан дүкен мен дәріхана, мектеп пен балабақша да өзеннің арғы бетінде. Қоғамдық көлікке де көпір арқылы өтуге тура келеді. Себебі қауіпсіз беттегі Ақжар ауылына дейін кемінде 2 шақырым жол жаяу жүруге тура келеді. Ал Қарғалы ауданындағы аялдама таяқ тастам жерде.

Серік Көшеков, саяжай тұрғыны:

- Кемпірім екеуміз өтеміз. Ол менің етегімнен ұстап өтеді. Менің өзім де үлкенмін ғой, әзер өтемін. Кешке немеремді осы жерден күтіп аламын. Қараңғы болса да осы жерде тұрамын. Бәрі осы жерден күтіп алады.

Судың бетін қалың мұз басқанға дейін жүргіншілердің жаны шүберекке түюлі. Көпір әсіресе күздігүні тайғақта қауіп төндіреді. Тіпті балалардың Қарғалының салқын суына құлаған кездері де болған.

Гүлдана Жәнібекова, саяжай тұрғыны:

- Негізі қауіпті екені қауіпті. Балалар суға түсіп кетеді арасында. Үйдегі балалар 2-3 рет түсіп кеткен. Қазір мына жақпен қатынайды сабаққа.

Айкүнім Қатпабаева, саяжай тұрғыны:

- Өте қауіпті. Әйтеуір тәлтіректеп өтеміз. Кейде бір-бірімізге тәлтіректеп, ілесіп өтеміз. Суық кезде өте қиын.

Қирап қалған темір көпір осыдан екі жыл бұрын жергілікті мешіт өкілдерінің бастамасымен салыныпты. Алайда алғашқы көктемге шыдас бермей, өзеннің тасыған суы мен мұзы қиратып тастаған. Жалпы Қарғалы бойында бұған дейін жаяу жүргіншіге бірнеше өткел тұрғызылғанымен барлығы да жеке кәсіпкердің немесе қоғамдық қор есебінен жүзеге асырылған. Әкімдік тарапынан ешқандай әрекет етілмеген. Билік өкілдері: «Халық талап-тілегін қағаз бетіне түсіріп жеткізсе, тиісті шара қолданамыз», – дейді.

Бақұзақ Дарин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:

- Ол көпірді жасау үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржы бөлініп солай жасалуы керек. Біздерді қалалық ТҮКШ бөлімі бар. Соларға біз ұсыныс береміз. Бірақ әзірге ондай қағаз жүзінде өтініш түскен жоқ. Өтініш түссе, біздер деген тиісті органдарға тапсырыс беретін боламыз.

Әзірге тұрғындарға әр адымын байқап басып, қалың мұз түскенше амалдауға тура келеді. Келер жылдың қамын ойлаған бұқара жаңа көпірге қажетті құрылыс материалдарын жинауға қайтадан кіріскен.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев