Инженерлік желілер мен жалпы инфрақұрылымды тартуда кедергі көп

Құрылыс саласында мәселе баршылық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, инженерлік желілер мен жалпы инфрақұрылымды тартуда кедергі көп. Баспана аламын деушілерге қолжетімді ипотека да жоқтық қасы. Маман тапшылығы мен құрылыс материалдарының қымбатшылығы да өзекті. ТМД елдерінің құрылыс саласын цифрландыру жөніндегі форумда Қазақстан құрылысшылар одағы төралқасының төрағасы Талғат Ерғалиев осылай мәлімдеді. Оның айтуынша, жыл сайын құрылыс саласына 5 трлн теңге құю қажет. Бұл шамамен 30 млн шаршы метр баспана салуға мүмкіндік береді.

 Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағы төралқасының төрағасы:

- Мысалы, біздің кейбір мемлекеттік органдар өз бағаларымен, өз тәртібімен күн көріп жатыр. Нарықтағы баға, қызметтің бағасы, құрылыстың бағасы мен қағаздағы баға мемлекеттік органға сай емес. Өйткені оларда мүмкіндік жоқ, мемлекеттік орган болғаннан кейін нарықтағы жағдайды білмейді. Баға күнде өзгеріп жатыр. Егер біз цифрландырсақ, онда шарттар сол порталды көріп отырады да, барлығы бағаны көре алады.