Атырау облысында ауа ластаған 2 зауытқа айыппұл салынды

Атырау облысында 2 зауытқа ауаны ластағаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық экология департаменті «Атырау мұнай өңдеу зауыты» мен «НефтеСтройСервис ЛТД» ЖШС аумағында атмосфералық ауадағы көмірсутек пен көміртек оксидінің шекті рұқсат етілген нормадан асып кеткенін анықтаған. Екі кәсіпорынға 6 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Атырау қаласынан алынған 15 сынама мен Құлсары қаласынан алынған төрт сынамадан ауа ластайтын зиянды заттардың мөлшері көп екені белгілі болды.

Айта кетейік, облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жанындағы мобильдік топ өткен 10 ай ішінде облыс аумағынан 8 мыңнан астам ауа сынамасын тексерген.