Ақтөбе облысында 5 мыңнан астам әйел тұрмыста зорлық көрген

Жыл басынан бері Ақтөбе облысының полицейлеріне 5 мыңнан астам тұрмыста зорлық көрген тұрғыннан арыз түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда тек мыңнан астам әкімшілік іс қана сотқа жолданды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, әйелдердің дені ашу-ызасы қайтқан соң шағым жазудан бас тартады. Себебі олар көп жағдайда еріне қаржылай тәуелді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген жандарға қандай көмек көрсетілуде?

Бақытты ғұмыр кешуді армандап сүйгеніне қосылған Людмила өмірден түңіліп кетердей болдым дейді. Екі рет құрсақ көтеріп, қос егізді дүниеге әкелгеніне қарамастан жолдасы соққыға жығуды әдет қып алған. Әбден шаршаған келіншек дағдарыс орталығынан пана тапты. Жаралы жан-дүниесіне шипа тауып, енді тұрақты жұмыс іздемекші.

Людмила, қала тұрғыны:

- Үйде болса тыныштық бермейді. Әрдайым ашулы жүреді. Ішімдікке ішсе тіптен қатыгез. Балаларға да қол көтереді. Аяғым ауыр кезде де аямастан соққыға жықты.

Дағдарыс орталығының өзге тұрғындары сұхбат бере қоймады. Бірақ бастан кешкен оқиғаларында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Барлығы да «Тәнге тиген соққыдан, ар-ожданы мен жанындағы дақ» ауыр дейді. Сондықтан бірнеше ай психологтың көмегіне мұқтаж.

Гүлфат Рахыметалина, орталық психологы:

- Бізде орталықта бір әйел адам жатты. Көмек алып кетсе де бірақ қайтып келіп, психологиялық тұрғыдан көмегін алып тұрды. Ішкі жан-дүниесін, өзінің сезімін кәдімгідей дұрыс қалыпқа келгенге дейін осы орталықтан көмек алып тұрды.

Бұл жерге келген жан баспанамен қатар азық-түлікпен де қамтамассыз етіледі. 6 айға дейін алаңсыз өмір сүріп, тұрмысын түзеп алуларына болады. Қажет болса психологиялық көмекпен бірге заңгердің де ақыл-кеңесін ала алады.

Анар Тұтқабаева, дағдарыс орталығының жетекшісі:

- Негізінен ажырасу мен алиментке құжат рәсімдеуді өтінеді. Балаларды балабақша мен мектепке орналастыру да мойнымызға алдық. Алғашқы медициналық көмекті де көрсетіп жатамыз. Психолог әйелдерден бөлек балалармен де жұмыс істейді. 

Биыл бұл орталыққа отбасындағы зорлықтан бас сауғалап 150 адам келген. Олар 30-ы бірнеше рет қайта оралыпты. Көп жағдайда зәбір көрген жан полицейлерге арыз жаза бермейді. Сондықтан да тәртіп сақшылары шарасыз боп отыр. Дегенмен жыл басынан бері отбасын ойрандаған тұлғаға қатысты мыңнан астам әкімшілік іс сотқа жолданған.

Ақгүл Қасанғалиева, Облыстық ПД әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы:

- Мінезіне ерекше талап қойылған 1037 хаттама қанағаттандырылды. Сонымен қатар құқық қорғау нұсқамасы жыл басынан бері 3563 нұсқамасы қойылды. Ол жанжал қойғанымен отбасын ойрандаушыларды жеті сайын отбасына барып тексеріп тұрып, олардың мінез құлқына байланысты түсініктеме алынады.

 Полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту үшін заң талабын күшейту қажет дейді. Яғни, құзырлы министрліктің қолға алған жобасы жүзеге асса жағдай түзелетіндігіне сенімді. Мәселен тәртіп сақшыларының назарына бірнеше рет ілінген тұлға әйелі кешіргеніне қарамастан жауапқа тартылуы тиіс. Ал әкімшілік қамаққа алу мерзімі 20-25 тәулікке дейін. Бұдан бөлек қоғамдық жұмыс атқару да міндеттеледі.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков