Хромтауда 120 пәтерлік екі үйдің құрылысы кешеуілдеп жатыр

Ақтөбе облысының Хромтау қаласында 120 пәтерлік екі үйдің құрылысы кешеуілдеп жатыр.

Осының салдарынан баспаналы болуды күтіп жүрген кейбір азаматтар үй жалдап тұруға мәжбүр.

Тұрғын үй белгіленген мерзімде салынбаған соң әкімдік мердігерді сотқа берді. Алайда құрылыс компаниясы өкілдерінің де бұған айтар өз уәжі бар.

Гүлбақыт Қоңыратбаева жеті баланың анасы. Баспана кезегін күтіп жүргеніне жиырма жылға жуықтаған. Әзірге жолдасының жұмыс орны берген пәтерде тұрып келеді. Алайда, көп балалы отбасы үшін оның өзі тарлық етеді дейді. Сондықтан, тезірек арман еткен үйіне қол жеткізбек тілегі бар.

Гүлбақыт Қоңыратбаева, көп балалы ана:

- 2002-де осы жаққа келдім. Содан бері квартира. Мен осы үш котегорияда тұрмын. Алтын алқа иегерімін.  Көп балалы анамын. Инвалид бағып отырған адаммын. Былтырдан бері береді деген сыбыс бар енді амандық болса енді арендованный болады деп. Енді бұйырса оны да көреміз енді.

Бүгінде Хромтау ауданы бойынша баспанаға сұраныс көп. Себебі, өлкенің өндірісі мен бірқатар саласы қарқын алған. Қазірдің өзінде, 1300-ден астам адам үй кезегінде тұр. Алайда, сұранысты уақытылы қанағаттандыру мүмкін болмай келеді. Мәселен, қаланың жаңа шағын ауданында бой көтеріп жатқан мына екі бірдей көп қабатты үйдің құрылысы белгіленген мерзімде бітпеді. Нысан тез тұрғызылып, ауласында ойын алаңы және көлік тұрағы салынғанымен, әрі қарай жүрмей тоқтап қалған. Ал тапсырыс беруші әкімдік бұл жобаға қаралған 960 млн теңгенің басым бөлігін мердігерге бөліп үлгеріпті. Соған қарамастан компания кестеден кешеуілдеп, кейін істі мүлде тоқтатқан. 

Әліби Аманшиев, Хромтау аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы:

- Құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтап қалғаннан бері бірнеше ескерту берген болатынбыз. Содан міне осы айдың 10-ында сотқа бердік "недобросовестный" қылып тану үшін.

Ал құрылыс компаниясы өкілдерінің келтірер өз дәлелі бар. Нысанды тұрғызу екі жыл бұрын басталғанымен, алғашқыда пандемия кейін қажетті  материалдардың қымбаттап кетуі кедергі келтірген. Дегенмен, қазір жұмысты күшейтуге бел буған.

Еркін Айтпаев, мердігер ұйымның өкілі:

- Отделочный жұмыстар, черновой бәрін бітірдік. Қазір кафельмен айналысып жатырмыз. Астанадан қазір бізге материалдар - есік пен линолеум келеді. Отопительный система радиаторлар келеді. Екінші үйге біз осы ноябрдің ортасынан бастап уже паралелно жүргіземіз. Поэтапно бірінші үйді бітіріп, сосын сол жаққа көшеміз.

Бұл үйдің құрылысы бітсе, жүзден астам отбасы баспаналы болмақ. Бұдан өзге, аудан бойынша тағы бірнеше көпқабатты нысан бой көтеруде. Әкімдік олардағы істің белгілі кестеге сай жүруін бақылауға алған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов