Алматыда «Қазақтың дәстүрлі құрақ бұйымдары» альбом-кітабі таныстырылды

«Алматыкітап» баспасы «Қазақтың дәстүрлі құрақ бұйымдары» жаңа альбом-кітабін көпшілікке таныстырды.

Бұл Қазақстандағы осы өнер саласы бойынша жарық көрген тұңғыш ғылыми зерттеу еңбегі. Баспа өкілдері Алматыда өтіп жатқан «Ұлы жібек жолымен» халықаралық кітап көрмесі аясында компанияның басқа да жаңа өнімдерін оқырман назарына ұсынды.

Жаңа альбом-кітап оқырмандарды қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің бір түрі – құрақ құрау өнерімен таныстырады. Автор Анар Секеева қазақтың салт-дәстүрінде құрақ бұйымдарының алатын орыны, шығу төркіні мен көркемдік ерекшелігіне тоқталып, ғылыми түрде талдау жасаған. Жалпы биыл “Алматыкітап” баспасынан отызға жуық жаңа кітап жарық көрді.

Альмира Сужикова, "Алматыкітап" баспасының бас редакторы:

- Топтама шығарып бастадық. Ұлылардың өмірі туралы, сол кісілердің қызмет істері туралы, Алаш қайраткерлері туралы, қазір міне Абай кітабы шықты. Ыбырай кітабы шықты. Енді Шоқан Уәлиханов туралы кітап дайындалып жатыр баспаға.

Елімізді танытуға бағытталған кітаптар үш тілде жарық көрген. Мәселен, киіз үй пішініндегі кітапта тарихи тұлғалар, салт-дәстүр туралы қызықты мәліметтер қамтылған. Айта кетейік, «Алматыкітап» баспасының оқулықтар шығаруда тәжірибесі мол. Бүгінде балабақшалар мен мектептерде қолданылып жүрген оқулықтардың электронды нұсқалары әзірленуде. 

Альмира Сужикова, "Алматыкітап" баспасының бас редакторы:

- Қазір енді электронды оқулықтармен айналысып жатырмыз. Бұл қосымша құрал ретінде де жасалып жатыр. Бұның ішінде енді бала оқулықтан мәтін оқыса, электронды оқулықтардың ішінде лабораториялық іс тәжірибелер болуы мүмкін,  суретшілердің суреттері болуы мүмкін. Сабақтың қызықты өтуіне үлкен көмегі тиеді осы оқулықтардың.

Халықаралық кітап көрмесінің аясында авторлар мен оқырмандардың мәдени ошағына айналған Кітап үйінде белгілі орыс жазушысы Гузель Яхинаның қазақ тіліне аударылған «Зулейха көзін ашты» және «Самарқанға эшелон» романдары таныстырылды.

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев