ШҚО-ның Глубокий ауданында шошқа фермасы жабылды

Шығыс Қазақстан облысының Глубокий ауданына қарасты 3 елді мекенді 20 жыл бойы ластап келген шошқа фермасы жабылды.

Аталған кешен шаруашылық қалдықтарын жинауда өрескел қателіктер жіберген. Қора-қопсыдан шыққан ағын сулар күні бүгінге дейін ауыз су құдықтары мен артезиан ұңғымаларына құйылып  келген.  Ұзақ жылдар бойы дабыл қағып, жергілікті әкімдіктің  табалдырығын тоздырған тұрғындардың әрекетінен нәтиже шықпаған. Қоршаған ортаға зиян келтірген шаруашылықтың әрекетін әшкерелеу экологтарға да оңай болмады. Өйткені, шаруашылық иесі тексеріс жүргізуге барған  мамандарды алғашында ферма аумағына өткізбеген. Тіпті есігін тарс бекітіп, экотексеріс актісіне қол қоюдан бас тартқан. Орайын тауып проблемалық аумаққа өткен экологтар су мен топырақтан сынама алып, нәтижесін мамандандырылған сотқа жолдаған. Сөйтіп, бірнеше ауылдың тұрғындарын шулатқан шаруашылықтың қызметі сот шешімімен тоқтатылды.

Данияр Әлиев, облыстық экология департаментінің басшысы:

- Аталған кәсіпкер соңғы 10 шақты жылдың көлемінде инспекторлармен кездесуден жалтарып келді. Экология қызметі мамандарының нәтижелі жұмысының арқасында шаруашылық аумағына өтіп, актімен таныстырып, тиісті тексеріс жүргіздік.