Риддердегі ЖЭО-да меншік иесі ауыса ма?

ШҚО әкімдігінде апатты жағдайда тұрған Риддер жылу электр орталығын жекенің қолынан коммуналдық меншікке беру мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әкімдіктегілердің ұсынысына сүйенсек, қалай болғанда да биылдан қалдырмай ЖЭО мемлекет инвестициясы арқылы жөнге келтіру керек. Өйткені орталықтың қазіргі қожайындары 2023 жылға дейін кәсіпорынды жөндеу жұмыстарын жоспарға қоспаған. Себеп – қаржының тапшылығы. Риддер жылу электр орталығында 1997 жылдан бері екі мәрте меншік иесі ауысқан. Алдымен АҚШ –тың компаниясы иелік еткен. Кейін шетелдік холдингтің еншілік компаниясының құрамына енді. Ал 2018 жылдан бері Алматылық фирма меншігінде. Соңғы жылдары жаңа қожайындардың жұмысы алға баспай келеді. 2019 жылы орталықтағы турбогенаратордың істен шығуы салдарынан қуаты кеміп, энергия өнімділігі төмендеген. Мысалы, 2020 жылдың 1 наурызы мен 2021 жылдың 29-шы ақпаны аралығында Риддер жылу электр орталығында  энергия өндіруге 2 млрд теңгеден астам шығын кеткен. Ал табыс көлемі 1,5 млрд теңгеге де жетпеген.

Даниал Ахметов, Облыс әкімі:

- Жылу электр орталығыны басшылығы жауапкершілікті сезінгенімен, өкінішке орай жөндеу жұмыстары тиімді ұйымдастырылмаған. Әрине, бұл жағдайға біз атүсті қарай алмаймыз. Сондықтан, орталықты коммуналдық меншікке қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз.