БҚО-да тұрғындар жолға шыға алмай отыр: жол ми батпаққа айналды

Батыс Қазақстан облысында Жаңақала-Сайхын аралығындағы облыстық жол ми батпаққа айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көлік қатынасы қиындап, тұрғындар жолға шыға алмай отыр. Трассаны жаңғырту жобасы әлдеқашан басталса да,  іс жүзінде нәтиже көрінбейді. Былтырдан бері таяқ тастам жерге ғана асфальт төселген.

Күре жолдың толассыз жауын шашыннан кейінгі кейпі – осы. Әр жерде батып жатқан көліктерден көз сүрінеді. Жолаушылар белшеден батқан темір тұлпармен алысып әлек. Трасса бойындағы елді мекендерде оқыс жағдай бола қалса, жедел жәрдем, өрт сөндіру сияқты бригадалардың да жете қоюы екіталай.

Ғарифолла Сапаров, жүргізуші:

- Осы біздің көретін қорлығымыз күз болса, жаңбыр болса, батасың. Далада тұрдық қой талай. Техника керек сүйрейтін. Трактор шақырасың, асты тіреліп қалады мына жерден. Ауру-сырқауымыз бар, районға жетуіміз керек болады. Сонда мына жолмен қалай жетеміз?!

Былтыр бұл жолдың Жаңақала мен Жаңақазан ауылдары аралығындағы учаскесін асфалттау жобасы қолға алынған еді. Құрылыс 2024 жылы аяқталуы тиіс. Алайда жұмыс қарқыны көңіл көншітпей тұр.  Күні бүгінге небәрі 8 шақырым шамасында ғана жол салынған. Сала басшысы бұл келеңсіздікті материалдардың тапшылығымен байланыстырып отыр.

Айдар Менеев, БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Битумның тапшылығына, материалдардың тапшылығына байланысты біздің жоспарымыз орындалмай тұр. Битумды Ақтаудан, Маңғыстау облысынан, каспи-битум зауытынан аламыз. Ресейден тасымалдау бойынша қазір сәйкесті екі үкімет тарапынан қол қойылды. Рұқсат берілді. Бұл үлкен реконструкцияларды мерзіміне дейін бітіре алмаймыз біздер. Себебі қаражат та аз бөлінеді. Сосын бір жылда 60 км асфальт салу тағы мүмкін емес енді бізге.

Алдағы екі жылдың еншісіне жоспарланған жұмыстар енді қашанға дейін созылары белгісіз. Тағы бір айта кетерлігі, құрылыс учаскесінде осы уақытта шейін атқарылған жұмыстың өзінен кем-кетіктер анықталған.

Зәуірбек Қыпшақбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының директоры:

- Ол объектіден біздер 102 материал сұрыптасақ, соның ішінде 12 пайызы ҚР стандарттық талаптарына сәйкес келген жоқ. Айта кететін болсақ, жер төсемесіне бізде ақаулықтар анықталды, сонымен қатар негізгі жолдарда техникалық процесс кезінде ақаулықтарымыз бар. Осы анықталған ақаулықтар бойынша ұйғарым хаттар жіберген болатынбыз. Бүгінгі таңда тапсырысшыдан расталғаны жөнінде ақпарат толығымен алдық.

Ал Жаңақазан мен Бисен ауылдары аралығындағы учаскенің жобалық-сметалық құжаттары енді жасақталып жатыр. Келер жылы мемлекеттік сараптамадан өткізілсе, қаржы көзі қаралмақ. Ал Бисеннен Сайхынға дейінгі жол республикалық трассаның бір учаскесі ретінде салынып жатыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов