Абай облысында қалалық аурухана жаңғыртылып жатыр

Он мыңға жуық халқы бар Шар қаласындағы жалғыз аурухананың мүшкіл хәлін жергілікті тұрғындар сан мәрте көтерген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғимараттың тарлығы дәрігерлердің жұмысына да кедергі келтірген. Әсіресе әлемді әбігерге салған пандемия  кезінде науқастарға сапалы қызмет көрсете алмаған.

Маркисян Асаубаева,  Шар қалалық аурухана меңгерушісінің міндетін атқарушы:

- Науқастарды қабылдайтын бөлмелер өте тар болды. Бір бөлмеде екі-үш дәрігер қызмет етті. Ауруханадағы екі науқас жататын палатада 5-6 адам жатты. Соның бәрі бізге қиындық тудырды.

Қазір көп жыл бойы қараусыз қалған ғимараттың екі қабатына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Мердігер компания нысанның шатыры мен еденін жаңалап, есік, терезелерін толық ауыстырған.  

Константин Коломыцин,  участке бастығы:

- 1991 жылдан бері қараусыз тұрған ғимаратты жөндеу оңай болған жоқ. Шатыры жоқ, жылуы жоқ. Соның бәрін қалпына келтірдік. 102 есік пен 52 терезе қойдық. Жалпы алғанда 2 мың шаршы метрден астам аумаққа жаңғырту жұмысын жүргіздік.  

Райым Нұрғалиев, Жарма ауданы әкімінің орынбасары:

- Мерзім бойынша кешіктіріп жатыр. Екі облыстың бөлінуіне байланысты мекемелер қайтадан тіркеуден өтті. Соған орай қаржыландыру тоқтап қалды. Мердігерлер тақау арада аяқтауға дайын. 

Ғимаратта жөндеу жұмысы аяқталған соң екінші, үшінші қабатқа хирургия, перзентхана, балалар мен реанимация бөлімдері орналасады. Ал перзентхана 2023 жылдан бастап қызмет көрсетудің екінші деңгейіне өтеді. 

Базкен Тоқтарбеков, Шар қаласының тұрғыны:

- Бұрын емханамыз тар, жағдайы нашар еді. Қазір міне жөндеп, науқастардың емделуіне жағдай жасалып жатыр. Тым болмағанда жай кіріп шыққанның өзіне көңілің тояды. Ең бастысы, дәрігерлердің жұмысы алға басады деп есептеймін.

Медициналық нысанды жаңғыртуға облыстық бюджеттен 289 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек ауруханада 30 төсектік орын ашу, 300 миллион теңгеге ғимаратқа қажет жабдықтар алынады.  Қазіргі уақытта 18 түрлі құрылғының 8-і жеткізілген. Айта кетейік, Абай облысындағы 300-ге жуық медициналық мекеменің 69 пайызы тозып тұр. «Ауылдық денсаулықты сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында алдағы екі жылда аймақтағы 65 елдімекенде жаңа емхана салу жоспарланып отыр.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов