Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық керуеннің қорытындысы шықты

Ақпараттық топ бір ай ішінде аймақтың барлық елдімекенін аралап, тұрғындардың мәселелерін тыңдаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тың идеяның бастамашысы – Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті. Аталған жобаның басты мақсаты қандай?

Жемқорлыққа қарсы шыққан  керуеннің арқасында аудан-қала тұрғындары бірқатар өткір мәселесіне шешім тапты. Соның бірі Хафуза апаның баспана проблемасы. Көп жыл кезекте тұрып, сабылған ана ақпараттық топпен жүздесіп, баспанасының  кілтін қолына алды.

Хафуза Омарбекова, Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны

- Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне және аудан әкіміне көп рақмет. Үйімді алып қуанып жатырмын. Мен көп балалы ана болып, көптеген не мере-шөберелерім өсіп жатыр.

Келелі мәселенің шешімін іздеген керуен облыстың 6 қаласы мен 7 ауданын қамтыған. Басты мақсат жастардың,   жалпы қоғамның  жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қарсы төзбеушілік қасиетін ояту. Ұйымдастырушылар бұл жобаға шығармашылық тұрғыдан қараған. Яғни конкурстар мен флешмоб, семинарлар өткізіліп, жастарға жетімді жолдар негізге алынған.  

Арслан Мыңғышев, СЖҚІҚА облыстық департаменті превенция басшысының орынбасары:

- Үш жүзге жуық шара өтіп, 100 мыңға жуық адамдар қатысқан. Әр-түрлі шаралар болды. Керуен Қарағанды облысында біріншірет болып жатыр. Әрі қарайда жалғасады деп сенеміз.Себебі оның нәтижесі мен ауқымы бүгінгі іс шарада белгілі болып, көрініп отыр.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздік бейнеролик», «Үздік сурет» және Көңілді тапқырлар командасының жеңімпаздары марапаттарға ие болды. Керуен қатысушылары мұндай іс-шаралар халық үніне құлақ асатын мемлекеттің басты қағидаты екенін атап өтті.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар