Ақ қан дертінің сирек түріне шалдыққан бала ауруын жеңіп шықты

Отандық дәрігерлер ақ қан ауруының сирек түріне шалдыққан баланы құлан таза айықтырды.

Әдетте лейкоз дертін емдеу үшін балаға туған бауырының жілік майын алмастыру арқылы трансплантация жасалатын. Бұл жолы сырқатқа әкесі донор болды. Ал осыдан 5-6 жыл бұрын лейкемияның емделмейтін түрімен ауырған балаларды еріксіз үйіне жіберетін. Қауіпті дерттен сауыққан баланы біздің тілшілер де көріп қайтты.

9 жасар Максим Кириленко өткен жылы аяқ астынан ақ қан дертіне шалдыққан. Анасымен Ақтаудан Астанаға ем іздеп келгенімен донор табылмай біраз қиналыпты. Тіпті туған әпкелерінің жілік майы сәйкес келмепті. Одан ары күтетін уақыт жоқ. Ана мен бала орталығының дәрігерлері тәуекелге барды. Максимге өз әкесінің жілік майы 50 процент сәйкес келген. Операциядан соң екі ай уақыт өтті. Дәрігерлер соңғы зерттеп-талдау нәтижелерінен кейін дерттен сауыққанын байқаған. Анасы екеуі қазір үйлеріне шығамыз деп қуанып отыр.

Елизавета Кириленко, Максимнің анасы:

- Білесіз бе, маған баламның лейкоздан сауыққанын айтқанда қуанғаннан жылай бердім. Себебі донор табу қиын болды. Қазақстаннан да шетелден де табылмады. Аққанның ремиссияға жатпайтын түрін емдеу өте қиын екен. Бірақ Максимның дертті жеңетініне сендім. Өйткені біздің дәрігерлердің өте білікті екенін көзім жетті.  

Қатерлі аурулар қатарында бір жолмен емделетін дерт – осы лейкемия. Жілік майын ауыстыру арқылы емделеді. Себебі лейкоз ең алдымен жілік майын зақымдайды. Елімізде жылына 200-ден астам бала осы  ақ қан ауруына шалдығады екен. Ана мен бала орталығының дәрігерлері осыған дейін ликемияның сирек түрімен ауырған 35 балаға ота жасаған.

Дайыр Нұрғалиев, онколог дәрігер:

- Біз ақ қанмен ауыратын бірақ ремиссияға жатпайтын балаларға 5 жыл бұрын трансплантация жасай бастадық. Сонымен 35 трансплантация жасадық. 50 пайыз жазылып кетті. Бүгін сондай баланы үйге шығарып жатырмыз. Бала жазылып кетті. 

Негізі қан ауруын емдеуге жілік майы науқастың туған бауырларынан алынады. Сондықтан көбі отадан кейін сауығып кетеді, дейді мамандар. Бүгінде қан рагын емдеу үшін Астана мен Алматы қалаларында трансплантация жасалады. Осыған дейін елордада 176 балаға жілік майын алмастыру операциясы сәтті өткен. 

Айнұр Қуатқызы, Диас Қобыланбаев