Павлодарлық мұғалім Әлия Қасымжанова еліміздің «Үздік педагогі» мәртебесіне ие болды

25 жылдық тәжірибесі бар ұстаздың, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, оқушылардың алғысын арқалап жүрген жайы бар , деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлия Қасымжанова – «Қазақстан тарихы» пәнінің мұғалімі. Басты ұстанымы – әр балаға бірдей көзқараспен қарап, мамандықты сүю. Заман ағымынан қалмай, инновациялық тәсілдерді пайдалану да негізгі мақсаты. Себебі білім беру беру әдістері гаджет пен цифрлық технологиялармен қатар даму керек.

Әлия Қасымжанова, Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі:

– Сабақты түрлендіру, қолданылған әдіс-тәсілдер, барлығын заман ағымымен байланыстырып, жаңа форматта мұғалім сол фаңа форматта оқытуға, өзгеруге дайын болу керек. Сондықтан, ізденісте болу керек, шығармашылық ізденісте болу керек. Бір қалыпта жүре берсе, онда ешқандай нәтиже болмайды.

Ұстаздың шәкірттері - облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Арасында ұстаздың еңбек жолын қуып, тарихшы атанғандары аз емес. Тәжірибелі мұғалім жеткіншектерді еңбекқор, ұлтжанды және қоршаған ортаға қамқор болуға тәрбиелейді.

Көркем Тоқташева, оқушы:

- Ұрыспай, керісінше, бірге ақылдасып, көмектеседі. Екінші анамыз сияқты ақыл-кеңестерін беріп отырады. Қазақстан тарихы сүйікті пәндерімнің бірі. Сабақтар өте қызықты өтеді, мұғалім топтағы тапсырма береді. Топтағы жұмыстарды бірге жасаймыз.

«Үздік педагог» байқауында бақ сынау – әр ұстаздың арманы. Әлия Қасымжанова 4 жыл қатарынан қатысқан. 3 жыл қатарынан қала деңгейінде жеңіске жеткен. Ал биыл республикалық конкурста бағы жанды.

Әлия Қасымжанова, Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі:

– Әрбір мұғалімнің арманы ғой, мақсаты өзінің оқушылары жетістікке жетсе екен деп. Бірақ, қадам-қадаммен, әрі қарай ілгері жүру біздің парызымыз, міндетіміз. Алдыма келген оқушыларға бірдей көзбен қарап, тәлім-тәрбие беріп, ішкі жан дүниесін түсініп, жағдайын түсініп, жақсы көріп білім беру. Жақсы көріп, білім берсе, нәтиже шығады.

Ел ұстаздары бақтарын сынаған аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі конкурсқа мыңдаған мұғалім қатысып, небары 123-і республикалық мәреге жолдама алған. Олардың арасында да қатаң іріктеу өтті.

 Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат