Талдықорғанда Б. Құранбекті еске алуға арналған турнир аяқталды

Талдықорғанда белгілі журналист, қоғам қайраткері Бейсен Құранбекті еске алуға арналған республикалық шағын футбол турнирі аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».   

Осымен екінші рет ұйымдастырылған жарысқа Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Өскемен, Талдықорған қалаларынан келген 8 команда қатысты. БАҚ өкілдерінен құралған команДалар қатарында Бейсен Абайұлындай аяулы әріптесіміз ұзақ жылдар бойы еңбек еткен біздің агенттік өкілдері де жақсы өнер көрсетті. Олар жартылай финалда қарсылас командаға жол берді. Төрт орынға жүлде тағайындалған турнирде Жұматай Жақыпбаев, Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы арнайы сыйлықтар да табыс етілді.

Есболат Айдабосын, ұйымдастырушы:

- Бейсен Құранбек атында осындай турнир өткізу бұл енді қалыпты құбылыс. Мына Бейсекеңнің артында қалған інілері, бауырлас достары үшін бұл бір үлкен міндет деп ойлаймын. Сондықтан бұл турнир алдағы уақытта әлі де жалғаса береді.

Бек Төлеуов, команда капитаны:

- Сол кісінің аруағы риза болсын деп, сол кісінің інілері ретінде келіп отырмыз. Екінші мақсат – енді турнир болғаннан кейін нәтиже көрсету. Сол мақсатта да енді жақсы өнер көрсетіп жатырмыз «Экспресс К» командасы. Жетісу облысының ұйымдастырып жатқан азаматтарының барлығына алғыс білдіреміз. Бейсен ағамыздың аруағы шат болсын. Артында қалған ұрпақтары мәңгі жасасын деп айтамыз. Турнир жақсы өтті.