Қызылорда облысында «Қыс-2022» РКШ оқу-жаттығуы өткізілді

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің Қызылорда мен Қазалы бөлігінде көліктер көп соқтығысады. Өйткені халықаралық трасса екі жолақты ғана болғандықтан ауыр жүк көліктер ағыны үшін тым тар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан бөлек облыстың солтүстігінде орналасқан Қазалы мен Арал аудандарына қар көп түскендіктен жол жиі жабылады. Осыған байланысты қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларда қолданылатын іс-қимылдарды пысықтап алу үшін «Қыс-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.

Бірінші шартты жағдайға сәйкес құтқарушылар тобы автожолда көліктердің соқтығысуы жөнінде хабарламаға аттанды. Өрт сөндіру, медициналық және қоғамдық тәртіпсіздікті сақтау қызметі дереу жұмылып, апат салдарын толығымен жойды. Одан әрі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қар құрсауында қалып қойған жолаушыларды эвакуациялау және ыстық тағаммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.

Алтынбек Қалиев, Қазалы аудандық ТЖБ бастығы:

-  «Қыс-2022» республикалық оқу-жаттығу аудандағы азаматтық қорғау қызметтерін жетілдіру, мүмкін бола қалған жағдайда іс-әрекетті пысықтау, төтенше жағдайларды жою бағытында өз әсерін тигізетін болады.  

Сценарийге сәйкес Қазалы ауданында жолаушылар пойызы вагонынан өрт шығып, 20 жолаушы қызыл жалын құрсауында қалып қойды. Өрт сөндірушілер алаулаған оттың арасынан адамдарды шығарып, келесі вагондарға көшуі мүмкін тілсіз жаумен нәтижелі күресті.

Бекболат Әбдіқадыров, Облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Жалпы оқу-жаттығуға 1184 адам және 351 техника жұмылдырылды. Және де 120 азаматтық қорғаныс қызметі мен 8 жергілікті атқарушы орган қатысты.

Оқу-жаттығу барысындағы саптық қарауда азаматтық қорғау қызметтері мен шұғыл әрекет ету жасақтары күш-құралдарының әзірлігі тексерілді. Жергілікті штаб өкілдері жылжымалы басқару пункті арқылы Төтенше жағдайлар министрлігімен бейнеконференция өткізді.

 Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев