7-сынып оқушысы ешкі фермасын ашты – Павлодар облысы

Павлодар облысында жетінші сынып оқушысы Тимур Рүстемов ешкі фермасын ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі таңда жас кәсіпкер қайнатылған сүт өндірумен айналысады. Жеткіншектің жеке ісін дамытуға әкесі Жасұлан көмек көрсетіп келеді. Жуырда бұл бизнес-идея мемлекет  тарапынан да қолдау тапты. Әке мен бала жоба әзірлеп, мемлекеттік гранттар байқауында жеңіске жеткен.

Байқау қорытындысы бойынша кәсіпкер 5 млн теңгенің грантын ұтып алған. Бұл қаражатқа сүтті ешкілер сатып алынды.

Сонымен қатар заманауи құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп қойған. Болашақта шағын шаруашылық ірімшік, йогурт сияқты сүт өнімдерін шығаратын өндіріс орнына айналмақ.

Сондай-ақ жас кәсіпкер ешкі санын 30-ға жеткізбек.  

Жасұлан Рүстемов, кәсіпкер:

- Қазіргі уақытта бір айда 250 литр шикі ешкі сүтін өндіреміз. Алдағы уақытта өндірістік қуаттылығымызды 1000 литрге жеткіземіз. Себебі, бұл экологиялық таза өнімге сұраныс бар. Шағын фермамыз үшін блок-модуль мен тоңазытқыштарға тапсырыс беріп қойдық. Ісіміз өрге басады деген ойдамын.