Қостанай облысында мүмкіндігі шектеулі балаларды шынықтырудың пилоттық жобасы қолға алынды

Қостанай облысының Жітіқара қаласында ерекше қажеттіліктері бар балаларды спортқа бейімдеудің пилоттық жобасы қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мүмкіндігі шектеулі жеткіншектердің денесін шынықтырудың дайын бағдарламасы болмағандықтан, жергілікті мамандар әдістемені өздері құрастырған. Жаңа жобаның ерекшелігі және алғашқы нәтижесі жайлы тілшіміз баян етеді.

Ақыл-ойы, қозғалысының дамуында тежелу бар баланы бағып, күту көп күш-қуатты, ерік-жігерді қажет етеді. Бұл ауыртпалықты көбіне ата-ана жалғыз көтеруге мәжбүр. Себебі осындай ерекше балалармен айналысатын орталықтар облыс орталықтарында, елімізде некен-саяқ. Жітіқаралық ата-аналар биыл өздері бас болып,  мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерді спортқа бейімдеу жобасын ұсынған.     

Төлеген Жабулов, Жітіқара аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Арнайы балалармен жұмыс жасау, спорттық бағдарламаны табу қиын болды. Жан-жақтан қарастырып, мамандармен ақылдасып, осы жобаны ашуды қолға алған қоғамдық бірлестігі өздері жаттықтырушылармен бірігіп, өздері арнайы басқа бағдарлама жазды.

Бұл жобамен әзірге 21 бала қамтылған. Олар аптасына үш рет спорт залында, боз кілем үстінде түрлі жаттығулар жасайды. Бассейнге түсуге де белгілі бір уақыт бөлінген. Осындай кешенді жұмыстардың арқасында дамуынла ауытқуы бар балалардың жағдайы

Алмагүл Омарова, жобаны үйлестіруші: 

- Жарты жылдың ішінде жақсы өзгерістер бар. Балардың  біразы ашылып, сөйлей бастады. Менің қызымда адамдармен тілдесетін халге жетті. Ойын түріндегі дене шынықтыру мидың белсенді жұмыс істеуіне ықпал етеді. Тек оны үзіп алмасақ болғаны.

Ерекше балалармен арнайы білімі бар жаттықтырушылар айналысады. Олар қосымша дайындық курстарынан өткен. 

Виктория Белова, жаттықтырушы:

- Біз бірінші күндері әр баланың ерекшелігін, физикалық мүмкіндігін бақыладық. Медициналық диагнозын ескердік. Соған байланысты жеке жаттығуларды іріктеп алдық. Сосын топтастырып, бүтін бір бағдарлама жасадық.

Әлеуметтік тапсырыспен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба бір жылға ғана  есептелген. Аудандық әкімдіктегілер келер жылы да жалғасын табады деп сендірді. Тек бағдарламаны толықтырып, қайтара жасау көзделіп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг