Көкшетаулық оқушылар пластик қалдықтарынан жасанды қол әзірлеп жатыр

Олар протезді Астанада тұратын мүмкіндігі шектеулі 12 жастағы Асанәлі есімді балаға бермек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде балғындар өз туындыларына патент алып, авторлық құқықтарын қорғаған. Өнертапқыш оқушылармен әріптесім Абзал Азаматұлы кездесіп қайтты.

Бұл Көкшетаудағы оқушылар сарайында орналасқан эко-шеберхана. Дәл осы орталықта оқушылар түрлі жобаны жүзеге асырады. Жас өрендер жасанды қолды алдымен елорда төрінде өткен халықаралық байқауда таныстырып, үздіктер қатарынан көрінген. Ал, енді нақты протезді жасауға кіріспек ниетте.

Қарақат Әлібекова, оқушы:

- Бұл жасанды қолдың жоғары жағында нейронды ақпарат қабылдағыш болады. Осылайша бұлшық ет арқылы оны басқаруға болады. Кейбір бөлшектерге тапсырыс беріп қойдық, қалғанын өзіміз жасаймыз. Тағы бір артықшылығы модульды болады, яғни бір бөлшегі істен шықса, соны ғана ауыстыруға мүмкіндік бар.  

Оқушылар протезді иесіне шамамен жарты айдың көлемінде табыстауды жоспарлап отыр. Білімді балғындар жасанды қолдың бөлшектерін қайта өңделген қоқыстан дайындайды.

Ажар Кәкімова, оқушы:

- Біз мынау филамент деп аталатын шикізатты сатып аламыз. Сосын қажетті бөлшектерді, өнімді компьютерде бағларлама арқылы жобасын жасаймыз. Кейін ол ақпаратты 3D принтерге жүктеп, мынадай түрлі өнімдер жасап шығарамыз. 

Тимур Қамалов, шеберхана жетекшісі:

- Біз қалдықтарды өңдеу арқылы шикізат дайындау бағытында жұмыс істейміз. Бұл біріншіден - экологиялық мәселе. Екіншіден өндіріс қой. Алдағы уақытта жобамызды кеңейткіміз келеді.

Қазіргі таңда эко-шеберханаға 20-дан астам барып жүр. Үйірме жетекшісі ғылым, білімге құштар балғындар санының артып келе жатқанын айтады.  Жалпы, аймақта қатты қалдықтарды өңдеу мәселесі өткір тұр. Оған қалдықтардың өңделмек түгілі сұрыпталмайтындығы себеп. Осы ретте бұл бастамасының ірі экологиялық жобаға айналарына оқушылардың сенімі мол.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко