БҚО-да Шалқар көлінің жағасынан инвесторға жер берілді

Батыс Қазақстан облысында шипалы Шалқар көлінің жағалауынан инвесторға 2 мыңнан астам гектар жер берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпкер 2025 жылға дейін аумақтың туристік әл-ауқатын дамытуы қажет. Ақ Жайық өңірінің інжу-маржаны саналатын көлге жаз мезгілінде туристер ағылып келеді. Олардың көбі – тұзды судан тері ауруларына дауа іздеген жандар. Алайда жұртшылықты шипалы көлдің экологиялық жағдайы мен инфрақұрылымның жоқтығы алаңдатады. Инвестор енді алдағы үш жылда көлді балықтандыру, жағалауға көшеттер егу және демалыс орнын салу міндеттерін орындауға тиіс.

Тілекқабыл Ғабдушев, Теректі ауданының әкімі:

- Шалқар көлі маңынан 2400 га жер берілді. Ол жерге 3 млрд тг жуық инвестиция құйылады деп күтіліп отыр. Биылғы жылы олар көлдің өзін зерттеп, балықтандыру мәселесімен, келесі жылы сол жерге арнайы қарағайлар егіп, сосын арғы жағында демалысшыларға жағдай туғызамыз деп уәде беріп отыр.