Қарағанды облысына биыл 6 спорт кешені салынады

Қарағанды облысы тұрғындарды спорт нысандарымен қамту көрсеткіші бойынша алғашқы үштікке еніп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек биылдың өзінде аймақта 6 бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа беріледі. Оның барлығы ауылдық жерлер мен шағын қалаларда салынып жатыр. Келесі жылы да бірнеше жоба жүзеге аспақ.

Егіндібұлақ ауылының жастары қазір мектеп интернаттағы мына аядай залда жаттығып жүр. 40 адам күреспен шұғылданады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Қазір елді-мекенде 2500-ге жуық халық тұрса, соның 350-і жастар. Олар ауылда салынып жатқан үлкен спорт кешенінің ашылуын тағатсыздана күтіп жүр.

 Ердәулет Жұмат, Егіндібұлақ ауылының тұрғыны:

- Осы жақыннан ашылып жатқан жерге көшетінімізге барлығымыз қуаныштымыз. Жаңа жер, кең, әрі жаңа татамилер береді. Бұл жерде иә, ондай жағдайлар жоқ. Ол жерде жеке киім ауыстыратын жерлері болады. Әрі дайындықтан кейін душқа түсіп, қайтадан сергіп алуға да болады. Жаңасына ауысқан жақсы ғой бәрібір де. Жаңа жарыстар, жаңа белестер.

Егіндібұлақ ауылындағы бұл зәулім спорт кешені қарашаның соңында ашылады. Қазір құрылыс жұмыстарының 95% аяқталған. 100 адамға арналған кешенде футбол, волейбол, баскетбол, күрес және жаттығу залдары болады. Игі жобаны жүзеге асыруға «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша қазынадан 800 млн теңге қаржы бөлінген.

Мейірлан Сәдуақасов, Егіндібұлақ ауылының әкімі:

- Бұл жобада ішіндегі едені қарастырылмаған болатын. Халықтың сұрауы бойынша, мердігерге үлкен рахмет, Ресейден арнайы ағаштарын әкеліп, паркетін орнатып жатыр.

Биыл облыста дәл осындай 6 спорт нысаны ел игілігіне беріледі. Жүзу бассейні, хоккей корты, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің көпшілігі ауылдық жерлерде салынған. Мамандардың айтуынша, жыл сайын бұл мақсатқа бюджеттен шамамен 5-6 млрд теңге қаражат бөлінеді екен.

Ерназар Хасенов, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:

- Ауыспалы тағы жобалар бар бізде, келесі 2023 жылы аяқталатын. Ботақара және Мұстафин ауылдарында спорт кешендері салынып жатыр. Тағы Нұра ауданында жабық бассейн болады. 

Бүгінгі күні Қарағанды облысында барлығы 2682 спорт нысаны болса, соның 1035-і ауылдық жерлерде орналасқан. Қазір өңірде халықты спорт нысандарымен қамту деңгейі 62%. Келесі жылы бұл көрсеткішті 70-ке жеткізу көзделген.

 Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар