Петропавлда алкоголь шығарған жасырын цех анықталды

Қазақстанда заңсыз алкоголь саудасы қызып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы аптада Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында мың жарым литрге жуық спирттік өнім  айналымнан шығарылды. Енді астыртын цехтардан тәркіленген ішімдіктер арнайы полигонда жойылады.

Контрафактілі қойма Петропавл қаласында анықталды. Бұл жерден  740 литр спирт, 50 литр коньяк құйылған ыдыстар, сонымен бірге акцизді маркасы жоқ темекінің 22 мыңнан астам қорабы табылды. Тәркіленген өнімнің құны 13 млн теңгеге жуықтайды.

Руслан Назаров, ПД бастығының орынбасары:

- Гараждың иесі оны қандай мақсатта пайдаланылатынына еш күдіктенбестен жалға берген. Тексеріс кезінде тауардың иесі анықталды. Жиналған материалдар процессуалдық шешім шығару үшін Экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды.

Ал Қостанайдағы мына цехта алкоголь өнімдері жасырын жолмен құйылып келді. Полицейлер жеке үйді тінту кезінде 400 литр спирт, ішімдік құюға арналған екі жарым мыңнан астам бос шөлмек тәркіледі. Ал бұның алдында тәртіп сақшылары екі ГАЗель көлігін тоқтатып, ішінде жалған есепке алу-бақылау маркалары бар алкогольдің 150 жәшігін әшкереледі. Жалпы биыл облыс орталығында осыған ұқсас үш дерек тіркелді.   

Көркем Бектасова, Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:

- Бұған дейін жалған есепке алу-бақылау маркалары бар алкоголь өнімдерін сақтаумен және өткізумен айналысқан серіктестіктің құрылтайшысы әшкереленген. Тінту кезінде жалған акциздік маркалары бар 23 000-нан астам бөтелке мөлшерінде 40 атаудағы алкоголь өнімдері тәркіленген қоймалар анықталған. Сондай-ақ, 7 млн теңгеден астам сомаға заңсыз алкоголь өнімдерін өндіру бойынша жерасты цехының қызметінің жолы кесілген.

Қамауға алынған тағы бір қылмыстық топ танымал алкоголь өнімдерін қолдан құйған. Оңай олжаны көздегендер көлікпен 450 бөтелке коньяк, виски тасымалдаған жерінен ұсталды.

Көркем Бектасова, Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:

- «Hennessy», «Jack Daniels» және «Chivas Regal 18» брендтерін қолдан жасаған алкоголь өнімдерін өткізу бойынша заңсыз іс-әрекетінің жолы кесілді.  «Hennessy» - 430 бөтелке, «Jack Daniels» - 12 бөтелке, «Chivas Regal 18» - 20 бөтелке есепке алу-бақылау маркасыз ішімдік өнімдері тәркіленді. Осы факті бойынша ҚР ҚК 222-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Тұтастай алғанда жыл басынан бері Қостанай облысында жалған сауда маркасы бар 93 мың бөтелке жойылды.