Алматы облысында «Сонар – 2022» құсбегілер жарысы өтті

Алматы облысында құсбегіліктен дәстүрлі «Сонар» Республикалық турнирі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Жарыс мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына орай ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркия, Қытай, Моңғолия мемлекеттерінен және еліміздің әр аймағынан 15 команда қатысты.

«Сонар» құсбегілер бәсекесі алғаш рет Алматы облысында осыдан 24 жыл бұрын басталды. Кейін ауқымы кеңейіп, еліміздің басқа облыстарында өтетін болды. Көнеден келе жатқан көшпенді халықтың саятшылық өнеріне жастардың қызығушылығы арта түскен. Құсбегілік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әулеттің кенжесі - Айдардың жасы жетіде. Бес жасында қолына «Үшқоңыр» атты қаршығасын қондырып, өзімен тетелес ағасымен аңға шығыпты. Сол кезде қоян алған. Бұл жарыста Айдар қаршығасы жүлдеді үшінші орыннан табылады.

Айдар Бекмұханбет, жас құсбегі:

- Көкелеріммен шығып ұшарыман. Көкелерім дәу бүркіттерді ұстайды. Тауда бүркіттер түсіретін кішкентай дәу қояндарымыз бар. Соған істейі десек бір рет қана түскен» Жаңадан ұстаған кезде мінезі жаман болады. Сосын біраз күнен кейін жақсы болып үйреніп кетеді.

Әр қыранның самғауын, қанат қағуын,  аңға түсуін төрешілер қадағалап отырды. Саятшылық дәстүрді жалғаушы қариялар сын-ескертпелерін айтып, ақыл-кеңестерін береді. Ал елімізде саятшылықтың жаңғыруына елеулі үлес қосып келе жатқан Бағдат Мұптекеқызы жас құсбегілердің өсіп келе жатқанын айтады. Соның ішінде қыздардың да болғанына қуанышты.

Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» Федерациясы қоғамдық қорының атқарушы директоры:

- Біраз қыздар бой түзеді. Моңғолиядан келген әлем таныған Айшолпан Нұрғайыпқызы. Одан кейін екінші Шығыс Қазақстан облысында Айзере деген қызымыз сегіз жаста. Бүгін енді осы құсбегілікке келешекте қолына қыран құс қондырмаған күнің өзінде ұйымдастыру жағына қарасын деп талабы өте жоғары. Бұл бала қаршыға ителгіге жүгірмейді. Ол бүркітпен бастаған қыз. Соған қарағанда келешекте үлкен нәтиже көрсетеді ғой деп ойлаймын.

Үш күн бойы өткен жарысқа 70 қыран қатысып жетеуі финалға шықты. Түлкі мен қарсаққа тазы мен бүркіттің қатар түскен сәті де болды.

Жеті бүркіт арасындағы сын екі сағатқа созылды. Барлығы қашқан аңды алысқа ұзатпай, тегеурінде мықтап шегендеді. Ал бас жүлдені Астанадан келген құсбегі Күнтуған Серікбектің бүркіті жеңіп алды. Бұдан бөлек «Сонар» турнирінде қаршығалар мен ителгілердің сыны мен құмай тазылар жарысы өтті. ҚР Құсбегілік  федерациясының мәліметінше 2024 жылғы бүкіләлемдік «Көшпенділер» ойынын Алматы облысында өткізу жоспарланып отыр.

Берік Уәли, «ХАБАР» Агенттігі АҚ Басқарма төрағасы, ҚР құсбегілік федерациясының президенті:

- Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Келген құсбегілдер риза болып тарқасып жатыр. Жүлде қоры да жақсы болды. Осыны ұйымдастырған Республикалық деген аты бар Алматы облысы әкімдігіне көп рахмет. Бірақ, республикалық деп ат қойғанымен бұл халықаралық болып кетті. Шетелдерден де қаншама бүркітшілер келді. Енді менің бүркітіме үшінші орын бұйырды. Бұд да дұрыс шығар енді. Жүлдесіз қайтқан жоқпыз. Ата өнерімізді дәріптеп осылай текті өнер. Соған үлес қоса берейік.

Саятшылық өнерді тамашалауға келген көрермендерге ұлттық ойындар көрсетілді. Жамбы атуда қыздар да мергендік танытты. Атқа шебер мінетін жігіттер теңге іліп, аударыспаққа қатысты. Театрландырылған қойылымда батырлардың шайқасы сахналанды. Бас жүлдеге 1 млн теңге берілді. Жалпы, жарысқа қатысқан құсбегінің ешқайсысы сыйлықсыз қайтпады. Арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.