Жамбыл облысының тұрғыны бақшадағы шаруашылығында шұбалшаң өсірумен айналысады

Жамбыл облысындағы Тамды ауылының тұрғыны Біржан Бабаханұлы жауынқұртты көбейтіп, құнарлы тыңайтқыш дайындайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бизнесін 5 мың теңгемен бастаған ол қазір 350 шаршы метр жерге, шұбалшаң өсіріп отыр.

Біржан Бабаханұлы - бақшадағы шағын шаруашылығында шұбалшаң өсірумен айналысады. Ауыл азаматы бұл істі бір жыл бұрын бастаған. Бастапқыда жерін тыңайту үшін, ауылдасынан калифорниялық жауынқұртты сатып алады. Бес мың теңгемен бастаған ісі бүгінде бизнеске ұласқан.

Біржан Бабаханұлы, Тамды ауылының тұрғыны:

- Жылы жерде ұстап, қыстай соны асырап шықтым. Соны сөйтіп 10 шаршы метрге шығарып алдым. Жер құнарлатады. Таза өнім алады. Қазір тыңайтқыштар көбейіп кетті. Ауру да көп. Мынау таза өнім ғой. 

Шаруа шикізатты алыстан іздеп әуре болмайды. Құртқа қажетті азықты ауылдастардың қорасынан алады. Әзірге бастаған ісі табысты болмаса да, келер көктемде қомақты қаражат табарына сенімді. Себебі жауынқұрт пен олар өндірген биогумусқа сұраныс жоғары. 

Біржан Бабаханұлы, Тамды ауылының тұрғыны:

- Қазір кооператив ашылып жатыр. Биогумусты алып, сол кооперативке өткіземіз. Литрін 70 теңгеден қабылдаймыз деп жатыр. Бір бағытта шылаушын сатамыз. Шаршы метрі 100 мың 120 мың теңге болады.

Жыл 12 ай бұл кәсіп тоқтамайды. Тек қыста қидың үстін сабанмен қымтап, жылы ұстаса жеткілікті. Жауынқұрт жұмысын жалғастыра береді. Шылаушынның қиды құнарлы топыраққа айналдыру процесіне +15,25 градус жеткілікті.

Рауан Асқаров, Тамды ауылдық округінің әкімі:

- Мемлекеттік грантқа ұсыныс білдірсе, жеңілдетілген несие мен ол кісілерге көмектесуге жәрдемдесуге біз әрқашан дайынбыз. Бұл кісілерге жылыжай керек болып жатыр. Грантқа ұсыныс білдірсе, мемлекет тарапынан қолдау табатын болады.

Көп қаражатты қажет етпейтін кәсіпке, ауыл тұрғындары қызығушылық танытып отыр. Бүгінде Тамды ауылында Біржаннан бөле тағы 4 шаруа шұбалшаң өсіріп бастаған.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев